Қазақстанда Chery Tiggo 8 PROMax саудаға шықты
Толықжетекті кроссовер 18,9 млн теңге тұрады.
Chery-дің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы First Motor Group («Астана Моторс»-тың құрамына кіреді) Chery Tiggo 8 PROMax кроссоверінің саудасы басталғанын хабарлады. Автомобильдің құны 18,9 млн теңгеден басталады.
Дилерлер Chery Tiggo 8 PROMax өз санатындағылар арасындағы ең ұшқыр кроссовер екенін айтады. Ол 8,5 секундқа жетпей жылдамдығын сағатына 100 шақырымға дейін екпіндете алады, ал ең жоғары жылдамдығы сағатына 195 шақырымды құрайды.
Автомобиль минутына бес мың айналым жасайтын 197 ат күші бар бензин қозғалтқышпен және жетісатылы робот беріліс қорабымен жарақтандырылған.
Көліктің, сонымен қатар, жетіорындық салоны бар. Егер үшінші қатарды жатқызатын болсаңыз, онда жүк салу үшін кеңістік 1179 литрге дейін кеңейеді. Ал егер екінші қатарды да жатқызсаңыз, онда жүк бөлігінің көлемі 2101 литрді құрайтын болады.
«Қазақстанда жаңа Chery автомобильдеріне өндірушінің бес жыл немесе 150 мың шақырым кепілдігі бар. Алайда Chery Tiggo 8 PROMax-қа жеті жыл және 200 мың шақырым кепілдік береді», — делінген «Астана Моторс»-тың сайтында.
Қытайдың Chery бренді отандық нарыққа 2021 жылдың желтоқсанынында келді. Компания сол кезден бері Қазақстанда 1,9 мың жаңа автомобиль сатқан.
Қазір Chery Қазақстандағы аса сұранысқа ие автобрендтер рейтингісінде — алтыншы орында, ал қытай компаниялары арасында бірінші орында тұр.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
15.09.2022, 09:19