Қазақстанда автомобильдердің электрондық төлқұжаты іске қосылды: бұл нені білдіреді
Цифрлық құжаттар ЕАЭО-ның барлық елдерінде жарамды болады.
2022 жылдың 2 маусымынан бастап Қазақстанда электрондық төлқұжат жүйесі (ЭТЖ) өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Қазір онда 142 автокөлік тіркелген.
«Еуразиялық экономикалық одақ аумағында ЭТЖ толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен интеграциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл осы елдердің аумағында көлік құралдарының электрондық төлқұжаттарының кедергісіз жүріп-тұруына көметеседі», — деп жауап берді «ҰАТ» CARMA.KZ редакциясының ресми сауалына.
Электрондық төлқұжаттар ЕАЭО аумағында жарамды. Онда келесі мәліметтер көрсетілген:
- меншік иесі туралы мәліметтер;
- меншік құқығын растайтын құжаттар;
- автокөлік құны;
- одометр көрсеткіштері;
- техникалық тексеру туралы мәліметтер;
- автокөліктегі жүктеменің немесе шектеулердің бар/жоғы туралы деректер;
- аталған автомобильдің қатысуымен болған ЖКО туралы мәліметтер.
Kolesa.kz. порталының мәліметтері бойынша, ЭТЖ-де әдеттегі техникалық төлқұжаттан алынған деректер де көрсетіледі. Бірақ электронды төлқұжаттар Қазақстанға әкелінген немесе өңдірілген жаңа көліктерге беріледі. Сонымен қатар, көліктерге әрқашан өздерімен бірге алып жүретін әдеттегі техникалық төлқұжаттар да беріледі.
«Автокөлік иелері шектеулер мен жүктемелер (кепіл, тыйым салу және т.б.) туралы, сақтандыру және сақтандыру жағдайлары туралы, ЖКО, жөндеу және ТҚК өткені туралы ақпаратты қоса алғанда, сенімді көздерден алынған көлік құралының барынша толық тарихын жасау мүмкіндігіне ие болады», – деп мәлімдеді «ҰАТ» өкілдері.
CARMA.KZ редакциясымен әңгіме барысында, Автонарықтық талдау және мониторинг орталығының басшысы Артур Мискарян, электрондық төлқұжаттар әдеттегі техникалық төлқұжаттармен қатар пайдаланылатындығын айтты. ЭТЖ ресімдеумен отандық автоөндірушілер мен импорттаушылар (егер машина ЕАЭО елдерінде шығарылмаса) айналысады.
«Электронды құжат автомобиль иелерінің өзгеруін, көліктің қай жерде шыққанын, жүктеменің болуын және жасалуындағы ерекшеліктерін бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, толыққанды жұмыс істейтін КҚЭТ жүйесі елдегі автопарктің көлемін, сипаттамалары мен жай-күйін неғұрлым егжей-тегжейлі бағалауға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Артур Мискарян.
2014 жылы ЕАЭО-ға қатысушы елдер көлік құралдарының электрондық төлқұжаттарын (көлік құралдары шассилерінің электрондық төлқұжаттарын) және өздігінен жүретін көліктер мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық төлқұжаттарын (КҚЭТ) енгізуге келісті. Қазақстандағы КҚЭТ операторы және әзірлеушісі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ) болып табылады. Бұл жерде жүйе «ҚР ЭТЖ» АЖ (электрондық төлқұжаттар жүйесі) атауын алды.
Бастапқыда одақ елдері электрондық төлқұжаттарға 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ауысуға шешім қабылдаған. Бірақ кейін КҚЭТ енгізу мерзімі 2020 жылдың 1 қарашасына дейін шегерілді. Қазақстан мен Беларусь мұны өздеріндегі инфрақұрылымның дайын болмауымен түсіндірді. Олар төлқұжаттарды енгізу мен интеграциялауға қатысты бірқатар мәселелерді әлі де пысықтау қажет деген.
Алайда, 2020 жылдың қазан айында тек Ресей ғана КҚЭТ-ны өнеркәсіптік пайдалануға беруге дайын болды. Қазақстан мен Беларусь тек нормативтік-құқықтық базаны қалыптастырып, ұлттық операторларды айқындады. Қырғызстан тиісті құжаттарды әзірлеу сатысында болса, ал Армения жобадан тыс қалды.
Осылайша, Ресей 2020 жылдың 1 қарашасынан бастап КҚЭТ жүйесін енгізді. Жергілікті билік оған барлық жаңа көліктерді (Ресейде өндірілген немесе Ресейге әкелінген), ал пайдаланылған автомобильдерді иелерінің өтініші бойынша тіркеуді міндеттеді. Беларусь 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап КҚЭТ-ға көшуді бастады.
2022 жылдың шілде айының соңында «Электрондық төлқұжат» компаниясы КҚЭТ жүйесінде 5 миллион ресейлік автомобиль тіркелгенін хабарлады. Бес миллионыншы көлік болып GAZon NEXT тіркелді.
Ресейдегі КҚЭП жүйесінің ұлттық операторы — «Электрондық төлқұжат» АҚ компаниясы, Қазақстанда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ») болды.
2020 жылдың қазан айында «Электрондық төлқұжат» АҚ басқарушы директоры Борис Ионов, компанияның Қазақстан мен Беларусьтегі әріптестеріне электрондық төлқұжаттар жобасын іске қосу үшін барлық қажетті құжаттама мен жүйеге қолжетімділікті бергенін мәлімдеді. Алайда олар электронды төлқұжат жүйелерін өздері жасайтын болып шешті.
Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, өз кезегінде, «Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтау үшін өз жүйесін әзірлеу туралы шешім қабылданғанын» хабарлады. Ал ресейлік тарап ұсынған бағдарламалық шешім Қазақстанның мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелері мен жобаның ұлттық әкімшісі арасында толыққанды интеграцияны жүргізуге мүмкіндік бермейді.
«ЭТЖ барлық заңды әрі маңызды операцияларды қауіпсіз ортада және қазақстандық автомобильдер туралы деректердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескере отырып жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деп хабарлады ИИДМ «Курсив» порталына.
CARMA.KZ редакциясы, Қазақстанда электрондық паспорттар жүйесін әзірлеу мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат жұмсалғаны туралы, сондай-ақ оның жұмыс істеп тұруы үшін қанша қаражат жұмсалатыны туралы сұраған болатын. Алайда «ҰАТ» АҚ ақпараттың құпия екенін айтып, бұл сұраққа жауап беруден бас тартты.
«Өкінішке орай, «ҰАТ» АҚ бұл ақпаратты айта алмайды, өйткені ол құпия болып табылады», — деп жауап берді «ҰАТ» өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қараша айында Ішкі істер министрлігі Қазақстанға кіретін автокөліктерді жаппай тексеруді бастады. Олардың арасында көрші елдерде есептен шығарылған машиналердің көп екені белгілі болды.
Мысалы, ІІМ Қазақстан жолдарында жүрген, бірақ Ресейде есептен шығарылған ресейлік нөмір таққан 88 мың автокөлікті анықтады. Полиция қызметкерлерінің болжауынша, қазақстандықтар Ресейден көлік сатып алып, үйге келгеннен кейін заңдастырудың барлық қажетті рәсімдерінен өтпейді. Осылайша, автомобильдер Қазақстанда да, Ресейде де тіркеуде жоқ.
Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға утильдік алымды төлеп, 200-250 мың теңгеге алғашқы тіркеуден өтуге мүмкіндік беруді ұсынды.
Ербол Казистаев, корреспондент
02.09.2022, 16:31