Меню CARMA.KZ

Қазақстанда автомобиль өндірісі 15%-ға артты

Отандық 7 кәсіпорынның тек 2-уінде ғана өнімділік төмендеген.

Қазақстанда автомобиль өндірісі 15%-ға артты / Фото: kapital.kz
Қазақстанда автомобиль өндірісі 15%-ға артты / Фото: kapital.kz

Қазақстанның АвтоБизнес Қауымдастығының мәліметінше, 2022 жылдың тамызында елімізде 9 016 бірлік көлік құралы шығарылған. Бұл 2021 жылдың тамызымен салыстырғанда, 14,7%-ға көп.

«Қазақстандық өндірушілер өндіріс көлемін арттырып жатыр. Қазіргі алаңдарда модельдер ассортиментін кеңейтуден бөлек, жаңа өндірістер де жоспарланып жатыр. Жақында ғана Қазақстанда автомобильдерін шығару көзделген Chery, Changan және Great Wall Motors-пен меморандумдарға қол қойылды. Толық циклді өндіріс, яғни шанағын Алматыда дәнекерлеп, бояйтын болады. Бұл жақсы тренд», — деп мәлімдеді Қазақстанның АвтоБизнес Қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.

2022 жылдың сегіз айында елімізде 68 644 көлік құралы шығарылды. Оның жалпы құны 693 млрд теңгені құрайды. Ал өндіріс көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 24,7%-ға артық.

2022 жылы 62 543 жеңіл көлік, 4 811 бірлік жүк көлігі, 712 автобус, 396 тіркеме және жартылай тіркеме, сондай-ақ 182 бірлік басқа да арнайы техника шығарылды.

Өнімдері еліміздегі кәсіпорындарда жолға қойылған үздік бестікке жататын брендер: Chevrolet (24 462 бірлік), Hyundai (22 100), KIA (8 506) LADA (4 692), JAC (4 069).

2022 жылғы қаңтар-тамызда өнім бойынша көшбасында Қостанайдағы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауыты тұр. Онда 42 603 көлік құралы шығарылды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,3%-ға көп. Ал екінші орынға Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan жайғасты. Мұнда 2 100 бірлік техника (+30,8%) шығарылды.

Семейдегі «СемАЗ» зауыты 1 384 бірлік коммерциялық техниканы (-50,3%) жөнелткен. Көкшетауда КамАЗ-Инжиниринг 809 жүк көлігін (-14,2%) шығарған. Hyundai Trans Auto зауыты 704 бірлік жүк көлігі мен автобус (+29,4%) өндірген. Ал QazTehna және Daewoo Bus Kazakhstan кәсіпорындарының әрқайсысы 157 және 124 автобустан шығарған.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
22.09.2022, 17:50