Қазақстан Ресейден дизель импорттайды
Отын екі рет қыркүйек пен қазан айларында жеткізіледі.
Қазақстан Ресейден 100 мың тонна дизель импорттайтын болды. 2022 жылдың қыркүйегі мен қазанында 2 партия отын әкелінбек.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстанға мұнша дизель көлемін қысқа уақытта тек Ресей ғана жеткізе алады.
«2 партия көлем қарастырылып отыр. Жалпы қорытындысы 100 мың тоннаға дейін, және бұл көлем Ресейден әкелінетіні анық. Бізге жақын жатқан осынша көлемде дизель отынын жеткізуші жоқ. Мұның барлығы индикативтік баланстардың аясына кіреді, және қажет болған жағдайда ресейлік дизель отынын, сондай-ақ авиациялық керосинді де импорттау әуелде қарастырылған», — деп мәлімдеді министр ОКҚ өткен баспасөз жиынында.
Ол отын тиеу жүріп жатқанын атап өтті. Бұл іспен «ҚазМұнайГаз» айналысып жатыр. Ресейден дизель отынының алғашқы легі жақын арада келіп жетеді.
Энергетика министрлігінің деректері бойынша, 2022 жылы 5,2 млн тонна дизель отыны өндіріледі деп жоспарланған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 300 мыңға көп. Министрліктегілер Қазақстанда дизель өндірісі жыл сайын өсіп келе жатқанын, тек 2020 жылы ғана оның көлемі аз болғанын (4,5 млн тонна) айтады.
Қазақстанда қаңтар-тамызда 3,53 млн тонна дизель өндірілді, бұл 2021 жылмен сәйкес кезеңмен салыстырғанда 239 мың тоннаға көп.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
05.09.2022, 16:00