Қазақстан мен Ресей шекарасында көлік кептелісі туындады
Қазақстанға Ресейден ағылған көлік құралдары 20%-ға артып кетті.
2022 жылдың 21 қыркүйегінен бері Қазақстанға Ресейден келіп жатқан жеңіл көліктер 20%-ға артты, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
«Осыған байланысты Ресейден Қазақстанға өтетін кейбір шекара учаскелерінде көлік құралдарының кептелісі байқалды. Әсіресе Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында көлік көп жинақталып отыр», — делінеді МКК мәлімдемесінде.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан аумағына автомобиль тасымалдау барысында кедендік алым (20 мың теңге), кедендік салық (автомобиль құнының 15%-ы) және ҚҚС төленуі тиіс. ҚҚС тауардың кедендік құны, алым және салықты қосқандағы жалпы сомаға есептеледі.
Сонымен қатар көлік құралына «акциз» төленуі қажет. Ол егер жеңіл көліктің қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын болса төленеді.
Орташа алғанда төленетін кедендік төлемдердің көлемі (қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден аз) автомобиль құнының орташа алғанда 23%-дан 28%-ды құрайды, деп хабарлады МКК CARMA.KZ редакциясына.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
23.09.2022, 14:35