Porsche IPO-ға шығарылады
Немістің спорттық көлік өндірушісінің акциясын бастапқы жария орналастыру қыркүйекке жоспарланған.
Volkswagen AG концерні Porsche спорттық автомобильдер шығарушының акциялар пакетінің миноритарлық листингін дайындап жатыр, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.
Агенттіктің дерегінше, акцияларды бастапқы жария орналастыру, егер нарықта жағдай күрт нашарлап кетпейтін болса, осы қыркүйекте болады, деп мәлімдеді дүйсенбі, 5 қыркүйекте VW концерні. Жалпы алғанда листингті биылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, ал акция саудасынан түскен қаржының бір бөлігі Volkswagen AG-ның өндірістік қуаттылықтарын әртараптандыруға жұмсалатын болады. Естеріңізде болса, Еуропа 2035 жылға қарай ішкі жану қозғалтқышымен жұмыс істейтін автомобиль шығарудан бас тартқалы жатқандықтан, неміс концерні болашақта электрокарлар мен бағдарламалық жасақтама шығаруға ойыспақшы.
«Біз әсіресе дағдарыс кезінде тұрақтылық көрсеттік, — деп мәлімдеді журналистерге VW мен Porsche бас директоры Оливер Блюм. — Өткен індет дағдарысы, жартылай өткізгіштер дағдарысы, биылғы Украинадағы дағдарыс кездеріне көз салсақ, барлығында да жақсы табысқа жетіппіз, сондықтан бұл бізге деген (неміс компаниясы акцияларын ықтимал сатып алушылардың) сенімдерін ұялатады».
Сонымен қатар, мақала авторларының айтуынша, алдағы болатын листинг акциялардың бір бөлігін миноритарлардың арасында шашыратып тастаудың есебінен Порше мен Пиех отбасыларына бұрынғы компаниясын қайта сатып алуға мүмкіндік бермек. Осыдан 13 жыл бұрын олар спорттық автомобиль шығаратын бизнесін Volkswagen-ге сатуға мәжбүр болған еді. Он жыл бұрын Porsche Automobil Holding SE отбасылық бизнесі Volkswagen-ді сатып алмақшы болған, алайда ол үшін біраз қаржы құю қажет болғандықтан, сәтсіз аяқталды.
Қазір енді миноритарлық акцияларды сатқаннан кейін Porsche-нің бұрынғы қожайындары дауыс беру құқығы бар бір акциямен қоса 25% көлемінде бұғаттаушы пакетке ие болуға тиіс, басқа инвесторлар болса, дауыс беру құқығынсыз артықшылық берілген акцияларға инвестиция құя алады. Сонымен қатар компания сейсенбіде акцияларын Франкфурттағы қор биржасына орналастыру ойы барын жариялаған кейін Volkswagen-ның акциялары Франкфурттағы саудада 3,9%-ға өсті.
Volkswagen IPO-ның арқасында автомобиль жасау өнеркәсібіндегі цифрлық технологиялар және электромобиль өндірісіне көшуде жоспарларын іске асыруға қажетті қаражатқа қол жеткізгісі келеді. Porsche-нің листингісінен кіретін кіріс шамамн 85 млрд еуроға (84 млрд доллар) бағаланып отыр. Porsche-ні 85 млрд долларға бағалануы — оның құрлықтағы басты бәсекелесі Ferrari NV компаниясының нарықтық капиталдандыруынан екі еседен асып түседі. Алайда спорттық көліктер сегментінде өндірістен маржа алу бойынша бірінші тұрған италиялық көлік өндірушісі Porsche-ге қарағанда (жылына 300 мың) көлікті әлдеқайда аз шығарады.
Егер акцияларды бастапқы орналастыру арқылы 85 млрд еуро қаржы тарту болжамы орындалатын болса, онда Porsche өндіріс көлемі бойынша біршама артта келе жатқанына қарамастан, нарықтық бағасы бойынша өзінің бас компаниясымен теңеседі. VW жылына 10 млн-нан астам автомобиль шығарады.
Бұл жағдайда T Rowe Price Group Inc. секілді белгілі инвесторлар аталмыш IPO-ға осы баға диапазонында қатысуға қызығушылық білдіріп отыр. Дүйсенбі күні VW ең маңызды инвестициялық келісімге сәйкес акциялардың 4,99% Qatar Investment Authority сатып алғысы келетінін хабарлады. Сондай-ақ Porsche акцияларына Red Bull энергетикалық сусындарын шығаратын кәсіпорынның негізін қалаушы Дмитрих Матешиц пен LVMH (Christian Dior, Louis Vuitton, Givenchy, Guerlain, Moët & Chandon, Hennessy сауда маркаларымен сән-салтанат бұйымдарын шығарушы) төрағасы Бернар Арно қызығушылық танытқан.
VW Porsche артықшылық берілген акцияларын Германия, Аустрия, Швейцария, франция, Испания мен Италияның шағын инвесторларына ұсынып көрмекші, деп хабарлады дүйсенбіде компания.
Егор Васильев, корреспондент
07.09.2022, 17:03