Orbis БИПЭК АВТО автоорталығына жайғасты
Orbis Auto желісі өскемендік холдингтің филиалдар желісі қатарында болған астаналық автосалонмен толықты.
Автосалонда Mitsubishi маркасының көліктері қойылған. Алайда ғимаратта әлі де ескі маңдайшалар ілулі тұр. Сонымен қатар, көліктер әдетте дилерлер қолданатын брендтік нөмірлі жақтаушасыз сатылуға қойылған.
Бұрын Тұран даңғылы бойындағы автосалонда «БИПЭК АВТО»-ның көрмезалы мен техникалық орталығы болып, онда келушілерге LADA, KIA, Skoda автомобильдері мен Harley Davidson мотоциклдары ұсынылып келді.
Автосалонды Orbis Auto пайдаланатыны жайлы ақпаратты CARMA.KZ редакциясына компаниядағы дереккөз растады. Оның айтуынша, жақын арада компания қытайлық, бәлкім ол Geely болуы мүмкін, көлік маркасын сатуды жоспарлап отыр.
CARMA.KZ редакциясы жолдаған сауалға Orbis Auto баспасөз қызметіндегілер қазіргі уақытта ештеңе айта алмайтындарын жеткізді.
Осы уақытқа дейін Orbis филалына кіретін Mitsubishi дилерлік орталықтары Атырау және Ақтау қалаларында орналасты. Елордадағы автоорталықтың Orbis Auto-ның пайдалануына көшкенін, автомобиль нарығындағы басқа дереккөз де растады. Оның мәліметінше, автосалон жалдау шарты бойынша пайдалануға берілген.
Қазір «БИПЭК АВТО» автомобиль холдингі төңірегінде 2020 жылдың наурыз айынан бері сот ісі жүріп жатыр. Қазақстандағы көліктерді ірі импорттаушы мен сот жүріп жатқан компания арасында қандай шарттар жасалғаны әзірше белгісіз. Айта кетейік, Orbis Auto компаниясы Toyota, Nissan, Audi, VW, Cadillac, Porsche, Infinity, Mitsubishi және Exeed көлік брендтерін ұсынады.
Елімізде биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда Mitsubishi маркасының 250 көлігі саудаланған. Orbis Auto-дан бөлек, оларды сатумен Terra Motors, «Автомир» КТ, сондай-ақ аймақтарда «Урал Кров Авто» және «Автодом Костанай» дилерлері айналасады.
Orbis Kazakhstan компаниясының автомобиль бөлімшесі Қазақстан нарығындағы көліктердің ірі импорттаушысы болып табылады. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Тұран даңғылы бойындағы ғимаратқа жайғасып, автоорталықтар желісін кеңейтті.
Олжас Сабитов, журналист
15.09.2022, 13:20