Меню CARMA.KZ

Оралда Mitsubishi дилерлік орталығы ашылды

Бұл Батыс Қазақстан облысындағы Mitsubishi Motors-тың жалғыз ресми дилері.

Оралда Mitsubishi дилерлік орталығы ашылды / Фото: ММС Каз
Оралда Mitsubishi дилерлік орталығы ашылды / Фото: ММС Каз

Оралда «Орал-Кров-Авто Плюс» компаниялар тобының Mitsubishi Motors дилерлік орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. «ММС Қаз» ЖШС атқарушы директоры Осаму Ивабаның айтуынша, бұл Mitsubishi Motors компаниясының Оралда ғана емес, бүкіл Батыс Қазақстан облысындағы жалғыз ресми дилері.

««Орал-Кров-Авто Плюс» 14 жылдан аса (2008 жылдан бері) біздің сенімді серіктесіміз. Бүгін сіздерге жаңартылған орталықты таныстырып отырғанымызға қуаныштымыз. Орталықтың бұдан да көп келушілері болатынын және әрқайсысы үшін жайлылық деңгейін қамтамасыз ететініне кәміл сенеміз», — деді Осаму Иваба.

«ММС Қаз» өкілдерінің айтуынша, Mitsubishi Орал дилерлік орталығы брендтің автомобильдерін сату және техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтердің толық кешенін, сондай-ақ ауыстыру (trade-in), қосымша жабдықтар мен күзет жүйелерін орнату, несиелеу, лизинг және сақтандыру қызметтерін ұсынады.

Оралдағы дилерлік орталықта Mitsubishi көлігіне 2022 жылдың шілдесінен бері тапсырыс қабылдап жатыр.

 «Дилерлік орталықтың 318 шаршы метрлік шоу бөлмесі бар. Онда Mitsubishi көліктерінің қазіргі модельдік үлгілері ұсынылған. Жалпы ауданы 395 метрді құрайтын, көліктерге қызмет көрсету және жөндеу цехы алты көтергішпен және тікелей қабылдау бекетімен қамтылған. Ол Mitsubishi Motors ұсынған заманауи автомобильдерге қызмет көрсету стандарттарына сәйкес жабдықталған. Дилерлік орталықтың қонақтарына ауданы 20 шаршы метрді құрайтын балалар бұрышы мен клиенттік аймақ қарастырылған», — делінген «ММС Қаз» хабарламасында.

«ММС Қаз» дилерлерінің ресми сайтының деректеріне сүйенсек, қазақстандықтар үшін Mitsubishi көлігінің 3 моделі қолжетімді. Олар: Eclipse Cross, ASX және L200. CARMA.KZ редакциясымен арадағы әңгімеде «ММС Қаз» ресми өкілі Илья Никоноров, Mitsubishi ASX моделінің алғашқы партиясы Қазақстанға келгенін және қазір қалаларға жеткізіліп жатқанын хабарлады. Сонымен бірге, L200 және Eclipse Cross модельдерінің тек бірнеше бірлігі әкелінген, ал қалғандары әлі жолда екенін де атап өтті. Сондықтан соңғы екі модельге алдын ала тапсырыс беру қажет.

Қазақстанда ресми түрде Mitsubishi автомобильдерін сататын төрт орын (Астана қаласында 2 орын, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал, Ақтау, Атырау, Қостанай және Павлодарда 1-еуден) ашылды.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
26.09.2022, 15:24