Оңтүстік Корея АҚШ-пен электромобиль сатып алу барысындағы субсидияларды талқылайды
АҚШ Солтүстік Америкада өндірілмеген электромобильді сатып алғанға субсидия төлеуді доғармақшы.
Өнеркәсіп министрінің орынбасары Ан Сон Ир бастаған Оңтүстік Корея делегациясы Вашингтонға сапары барысында АҚШ-тың қаржы және сауда министрліктерінде кездесулер өткізеді. Дәлірек айтсақ, Оңтүстік Корея АҚШ-тың тек қана Солтүстік Америкада өндірілген электромобильдерді субсидиялайтын заңының күшіне енетініне алаңдаулы.
Корея делегациясы америкалық тараппен келіссөздер жүргізіп, олардан субсидиялаудың жаңа ережелерін енгізу туралы шешімді қайта қарауды өтінбекші, деп жазады Chosunilbo.
Оңтүстік Кореяның брендтері АҚШ-та зауыттар ашуға дайын, бірақ оларды 2025 жылға қарай іске қоса алады. Демек, кореялық электромобильдер кем дегенде 2 жылға өзінің баға бойынша бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. АҚШ-та электр тартымды көлік сатып алғанға 7,5 мың долларға (3,55 млн теңге) дейін субсидия төлейді. Бұған дейін Hyundai АҚШ-та электромобильдер шығаратын зауыт салу жоспары барын мәлімдеген. Кәсіпорын 2025 жылы жұмысын бастайды делінді. Алайда субсидиялаудың жаңа ережелері шыққан соң, құрылыс 2024 жылы аяқталатынын мәлімдеді.
Қазірдің өзінде Hyundai Motor-дың Алабамада зауыты бар. Онда Genesis GV70 электромобильдерін шығару үшін өндірістік желі орнатылды. Алайда, Жоржияда тағы бір кәсіпорын салу жоспарланып жатыр.
Сонымен қатар, LG Energy Solution және Honda АҚШ-та аккумуляторлар шығаратын зауыт құрылысына шамамен 4 млрд доллар (1,8 трлн теңге) инвестициялау ниеті туралы мәлімдеді. Компания бұл шешімді Америкада электромобильдерді сатып алуды субсидиялаудың жаңа ережелері шыққаннан кейін қабылдады.
Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 40 гигаватт/сағ құрайды, бұл 600 мың электромобиль шығаруға жеткілікті.
Қазір компаниялар жаңа зауыттың орналасатын орнын ақылдасып жатыр. Құрылыс 2023 жылдың бірінші жартысында басталады деп жоспарланған. Зауыт 2025 жылдың соңында іске қосылады. Шығарылған аккумуляторлар Honda және Acura электромобильдеріне орнатылмақшы.
Егор Васильев, корреспондент
01.09.2022, 10:39