Нұр-Сұлтанның жедел жәрдем паркі 55 жаңа көлікпен толықты
Арнайы автомобильдер алғашқы көмек көрсетуге қажетті қондырғымен жабдықталған.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігі жергілікті жедел медициналық жәрдемнің автомобиль паркін жаңартып жатыр. Жақында медициналық орталықтарға 55 жаңа арнайы автомобиль табысталды, олардың жартысынан көбі — реанимобильдер.
«Осыған дейін 100-ден аса автокөлік тапсырылған. Осылайша, автопарк айтарлықтай модернизацияланып, машиналар саны артты. Арнайы автокөліктер алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті жабдықтармен: өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор-мониторлар, электрлі сорғыштар, жедел медициналық көмек көрсету үшін реанимациялық құрылғылары бар жиынтықтар (электрокардиограф) және тағы басқаларымен жабдықталған», — деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Қалалық әкімдіктегілер 55 арнай автокөлік «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ лизингтік бағдарламасы арқылы сатып алынғанын атап өтті. Автомобильдер «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ МКК қарамағына берілетін болады.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
12.09.2022, 16:55