Mitsubishi Қазақстанға тікелей Жапониядан жеткізетін болады
Ресми дилер Қазақстанның көлік нарығындағы Mitsubishi-дің үлесін 1-1,5% деңгейінде сақтап қалуды көздейді.
Қазақстанға Mitsubishi автомобильдері тікелей Жапониядан жеткізілмек, бұл туралы CARMA.KZ редакциясына «ММС Каз» ЖШС маркетинг жөніндегі директоры Илья Никоноров Алматыда өткен Mining and Metals Central Asia көрмесінде айтып берді.
Mitsubishi бренді Қазақстанда 15 жылдан артық уақыттан бері бар. Экономикалық немесе логистикалық жағдайларға байланысты көліктер әр кезеңдерде «ММС Рус» немесе «ММС Каз» арқылы жеткізіліп тұрды. Қазір брендтің Қазақстан Республикасындағы сатып алушылары мен клиенттерінің мүддесін сақтау мақсатында «ММС Каз» арқылы жеткізу көлемін ұлғайту жөнінде шешім қабылданып отыр.
«Әлі күнге дейін әлемде жартылай өткізгіштердің жетіспеушілігі орын алып отыр, сондықтан осы кезеңде біз Қазақстанға көлікті мейлінше көбірек жеткізуге назар аударып отырмыз. Біз індетке дейін ұстап тұрған нарықтағы 1%-дан 1,5%-ға дейінгі үлесімізге қайта жетуді көздейміз», – деді Илья Никоноров CARMA.KZ редакциясымен болған әңгімеде.
Ол бұған дейін Mitsubishi автомобильдері Қазақстан Республикасына Ресейден жеткізіліп тұрғанын айтты. Жеткізу тізбегінің үзілуіне және логистикалық қиындықтарға байланысты, Қазақстан нарығына автомобильдер енді Қытай арқылы Жапония мен Таиландтан жеткізілмекші. Бірақ компания біздің елімізде әзірге өндірісін ашпайды.
Қазір Қазақстанда Mitsubishi-дің 10 дилерлік орталығы бар. Оның екеуі Астанада және Алматы, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақтау, Атырау және Оралда бір-бірден жұмыс істеп тұр. Ресми түрде Eclipse Cross, ASX және L200 модельдері қолжетімді.
«ASX-тің алғашқы партиясы қалаларға тасымалданып жатыр. L200 моделінен бірнеше көлік келді, көп бөлігі жолда келе жатыр. Eclipse Cross та әлі жолда келеді, сондықтан алдын ала тапсырыс беру қажет», – деді Илья Никоноров.
Мұның алдында «МЦА TERRA MOTORS» ЖШС директоры Кирилл Шевченко 2022 жылдың ақпан айында 15, наурызда – 20, сәуірде 28 ғана Mitsubishi көлігі сатылғанын CARMA.KZ редакциясына айтқан болатын.
Ал Ресейге қарсы санкциялар салынғанып, рубль бағамы өзгергеннен кейін Mitsubishi көліктері 70-80%-ға қымбаттады. Яғни Ресейде дистрибьютор автомобильдердің өзіне бағаны 30%-ға көтерсе, оған валютадағы айырмашылыққа байланысты көліктер теңгеге шаққанда тағы 40%-ға қымбаттады.
«Әрине, бұл сұранысқа бірден әсер етті. Жағдай күрделенгені соншалық, мамыр-маусымда біз 1-3 көлік қана саттық. Бізге бұл жағдай ұнамайтыны анық. Бұл ұзаққа созылатынын дистрибьютор де түсінеді және рубль бұрынғы бағамына жақын арада қайтып келмейді. Сондықтан ресейлік бағамен көліктерге сұраныс болмайды», – деді Кирил Шевченко.
Сол себепті дистрибьютор қазақстандық «ММС Каз» дистрибьюциясын жандандырмақшы болып шешті. Осы компания арқылы импорттық көлік тасымалданатын болады. Әрі ол бұрынғыдай ресейлік өндірістен шыққандары емес (Mitsubishi Outlander, Mitsubishi Pajero Sport), әлдеқайда төмен санаттағы автомобильдер болмақ (Mitsubishi ASX, Mitsubishi Eclipse Cross және Mitsubishi L200).
Ол кезде CARMA.KZ-пен әңгімеде Кирилл Шевченко «МЦА TERRA MOTORS» дистрибьютордан 2022 жылдың екінші жартысында 300-400 Mitsubishi көлігі келеді деп отырғандарын айтқан еді.
Кейін CARMA.KZ Астанадағы «БИПЭК АВТО» көлік орталығына Orbis Auto дилерлік желісі келіп жайғасқанын білді. Ол жерде де Mitsubishi автомобильдері қойылған. Ғимараттың өзінде әлі де ескі жазулар ілулі тұр, ал автомобильдер брендтердің номерлік тақтайшаларынсыз қойылып тұрды.
Күні кешеге дейін Orbis филиалдар желісіне кіретін Mitsubishi дилерлік орталықтары Атырау және Ақтау қалаларында болды. Ал елордадағы көлік орталығының Orbis Auto-тың пайдалануына берілгенін автомобиль нарығының басқа бір дереккөзі растады. Оның ақпараты бойынша, ғимарат келісімшартпен жалға берілген.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
26.09.2022, 16:58