Меню CARMA.KZ

Mercedes-Benz пен Rivian Еуропада электрлі фургон шығаратын бірлескен кәсіпорын құрмақшы

Неміс және америкалық өндірушілері 2025 жылдан кейін тектес модельдер шығаруға дайын.

Mercedes-Benz пен Rivian Еуропада электрлі фургон шығару үшін бірлескен кәсіпорын құрмақшы / Фото: kolesa.ru
Mercedes-Benz пен Rivian Еуропада электрлі фургон шығару үшін бірлескен кәсіпорын құрмақшы / Фото: kolesa.ru

Mercedes-Benz Vans және Rivian Automotive компаниялары әртүрлі екі тұғырда электрлі фургондар шығармақшы әрі осы әріптестік есебінен шығындарды қысқартуға қол жеткізуді көздейді, деп хабарлайды ресурс kolesa.ru.

Биылғы шілдеде америкалық Rivian компаниясы ІТ алпауыты саналатын Amazon-ның жеткізу қызметіне арнап EDV 700 электрлі фургондарын жаппай өндіре бастады. Rivian 2030 жылға қарай Amazon-ға дәл осындай 100 мың фургон жеткізбекші. Фургон өндірісі Rivian-ның Иллинойс штатына қарасты Нормал қаласында орын тепкен бас зауытындағы жеке желісінде жол қойылған. Былтыр аталмыш компанияның басқа желілерінде R1T электрлі пикабы мен R1S жол талғамайтын көлігін құрастыру басталған болатын.

Дегенмен қазіргі таңда Rivian-да өндірісті масштабтауда қиындықтар бар және шығару көлемі бойынша бастапқы кестеден кешігіп жатыр. Осыған байланысты америкалық өндіруші немістің ең танымал автомобиль брендімен күш біріктіруді шешкен. Нақтырақ айтқанда, осы жылдың басында Daimler конццерні бөлінгеннен кейін пайда болған оның коммерциялық жеңіл автомобиль шығаратын Mercedes-Benz Vans бөлімшесімен бірлеседі.

«Болашақ бірлескен кәсіпорынның қайда орналасатыны туралы әзірше тек болжам ғана бар: бірлескен модельдер Mercedes-Benz-тің Орталық немесе Шығыс Еуропадағы жұмыс істеп тұрған зауыттарының бірінде ұйымдастырылуы мүмкін. Нақты орны әлі белгісіз, бірақ егер неміс компаниясының иелігіндегі активтерді алып қарайтын болсақ, Польша немесе Мажарстан таңдалуы мүмкін. Сірә, қазір А-санатты шағын Mercedes-Benz пен оның туындастары (В-санат, CLA және CLA Shooting Brake) құрастырылып жатқан Мажарстандағы Кечкемет болуы ықтимал (Mercedes-Benz зауыты бұл жерде 2008 жылы салынған)», — деп болжайды ресейлік журналистер.

Екі өндірушінің таратқан ресми ақпараттарында Mercedes-Benz пен Rivian-ның бірлескен кәсіпорны RLV (Rivian Light Van) және VAN.EA (Mercedes-Benz Vans Electric Architecture) тұғырларында еуропалық өлшеммен алғанда үлкенірек электрлі фургондар (яғни Mercedes-Benz Sprinter мен Ford Transit-тің баламалары) шығармақшы. Amazon-ға арналған Rivian фургондары басқа бір, әлдеқайда ірі RCV тұғырына орнатылады. Ал Mercedes-Benz-тің VAN.EA тұғырында шығарылатын алғашқы сериялық модельдері 2025 жылдан кейін ғана пайда болмақ. Rivian болса осымен қатар Атлантада жаңа өндірісін іске қосатын жоспары бар.

Өмірге келгелі жатқан альянс мүшелерінің әрқайсысы бұған дейін де басқалармен бірлескен кәсіпорын ашуға әрекеттенген. Десек те мына бірлескен өндіріске де алда әлі америкалық және еуропа нарықтары реттеушілерінің мақұлдауын алу міндеті тұр. Осыдан екі жыл бұрын Rivian-ның Lincoln-мен (Ford компаниясына тиесілі қымбат марка) бірлескен жобасы іске аспай қалған еді. Сол секілді Mercedes-Benz компаниясы 2018 жылы Илон Маскпен және оның Tesla компаниясымен Sprinter электрлі фургонының жаңа буынын бірлесіп жасау туралы келісімге келмекші болғанымен, онда да түк шықпады. Ал әзірше БК құрылатыны туралы хабардан америкалықтар ғана ұтып отыр: соңғы алты ай көлемінде Rivian-ның акциялары төмендеп кетіп, бірақ Mercedes-Benz Vans-пен ынтымақтасатыны туралы хабардан кейін өткен аптаның соңында бірден қымбаттап (тәулігіне +11%) шыға келді.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
14.09.2022, 11:10