Меню CARMA.KZ

Мемлекеттік бағдарлама бойынша көлікті несиелеу қарашаның басында қайта жанданады

Өнеркәсіпті дамыту қорындағылар мемлекеттік бағдарламаның 2047 жылға дейін қаржыландырылу жоспары туралы айтып берді.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша көлікті несиелеу қарашаның басында қайта жанданады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Мемлекеттік бағдарлама бойынша көлікті несиелеу қарашаның басында қайта жанданады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Қазақстанда 2022 жылдың 16 мамырында 4%-бен жеңілдетілген көлік несиесі бағдарламасы іске қосылған болатын. Жалпы қаржыландыру көлемі 100 млрд теңгені құрайды. Сонымен бірге бағдарлама револьверлік режимде жұмыс істейді, яғни несиелер бойынша төлемнен түскен ақша жаңа қарыз беруге жұмсалады.

Өнеркәсіпті дамыту қорының есептеулері бойынша, бағдарлама іске асырылатын 25 жыл ішінде жеңілдетілген көлік несиесін қаржыландырудың жалпы көлемі 457 млрд теңгені (қайталап қарыз беруге жұмсалатын қайтарым қаражатты қосқанда, және бастапқы 100 млрд теңгені қосқанда) құрамақ. Бұл ақшаға қазақстандықтар, егер орташа чек 7,7 млн теңге болса, 59,4 мың автомобиль сатып ала алады. Егер де қарыздың орташа құны 10 млн теңге болса, онда азаматтарымыз 45,7 мың көлік сатып ала алады.

«Револьверлік қаражат түсіп жатыр. Олар қайтадан бағдарламаға құйылып, қаржыландыру қараша айының алғашқы жартысында қайта ашылады», — деп мәлімдеді Өнеркәсіпті дамыту қорының басқарма төрағасы Ринат Ғаппаров машина жасаушылардың форумында.

Ол револьверлік қаражаттың көлемі бір жылда орташа алғанда 14,3 млрд теңгені құрайды. Бұл ақшаға қазақстандықтар 1,5-2 мың автомобиль сатып ала алады деп атап өтті.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
23.09.2022, 13:28