Корея автомобиль өндірушілері шетелдегі саудасының артқанын айтты
Микрочиптерге тапшылық азайып, бұл көбірек көлік шығаруға мүмкіндік береді.
2022 жылдың тамызында Hyundai 334,8 мың автомобиль сатты. Көрсеткіш 2021 жылдың тамызымен салыстырғанда 11,6%-ға артып тұр. Сонымен бірге компанияның ішкі нарықтағы саудасы 3,5%-ға төмендеп (2022 жылғы тамызда 49,2 мың), ал сыртқы нарықта 14,7%-ға (285,6 мың) ұлғайған.
«АҚШ, Еуропа, Индонезия мен Үндістандағы зауыттар жұмысын қайта бастаған соң, сауда күрт артты», — деді Hyundai өкілі.
Өз кезегінде KIA тамыз айында сыртқы нарықта 198,5 мың көлік сатты, бұл 2021 жылдың тамызына қарағанда 10,4%-ға көп. Сондай-ақ, ішкі нарықта да аз да болса сауда өсті (+1%, 41,4 мыңға дейін), деп жазады Chosunilbo басылымы.
Тамыз айында Renault Korea 11,6 мың көлік сатты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 31,4%-ға жоғары. Бірақ компанияның корея нарығындағы саудасы 14,2%-ға төмендеді, ал XM3 жол талғамайтын көлігіне шетелде сұраныстың артуына байланысты экспорт 80,9%-ға өсті.
Тамыз айында GM Korea мен SsangYong-тың әрқайсысы 18,2 және 10,7 мың автомобильден сатты. Компания өкілдері сыртқы нарықта сауда көрсеткіші артқанымен, ішкі нарықтың жағдайы мәз емес деп айтып кетті.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
05.09.2022, 09:50