«КамАЗ» газмоторлы жүк көліктерінің түрлерін көбейту жоспарын жариялады
Жаңғыртылған эко-КамАЗ модельдері Набережные Челныда 2022 жылдың қазанында шығарыла бастайды.
«КамАЗ» ЖАҚ бас директоры Сергей Когогин Петербургтегі халықаралық газ форумында ресейлік көлік өндірушісінің газмоторлы жүк көліктерінің түрлерін көбейту жөніндегі жоспарын жариялады, деп хабарлайды өндірушінің ресми сайты.
Ресейлік компанияның басшысы батыс санкцияларына байланысты туындаған мәселелерді шешіп, өнімдеріне қажетті импорт құрамдастарды ресейлік баламаларымен алмастырып, сериялық модельдер қатарын тұрақты өндіруді қамтамасыз еткендерін айтты. КамАЗ енді осы бетпен газмоторлы техниканы дамытпақшы.
Бұл жоспарда К4 буынына жататын автомобиль өндірісін аяқтау (Mercedes Axor-дың 2001 жылғы үлгідегі кабинасымен 2013 жылдан бері шығарылған көліктер), К3 буынның автомобильдерін жаңғырту (тарихы сонау 1960-жылдандан басталатын, «классикалық», бірнеше рейсталингтен өткен кабиналы көліктер), сондай-ақ К5 буын автомобилін (2020 жылы нарыққа шығарылған және алдыңғы буын Mercedes Actros-дың кабина каркасын пайдаланып жобаланған көлік) әзірлеу мен игеру мақсаты тұр.
Толықжетекті газмоторлы К3 автомобильдеріне сұраныстың жоғары екенін ескеріп, кәсіпорын ең алдымен осы модельдің КамАЗ-дың V8 газ қозғалтқышымен жаңғыртылған нұсқаларын әзірледі және қазаннан бастап өндіре бастайды, деп хабарлады ресейлік өндірушінің ресми сайты. Сонымен қоса, Когогин мырза КамАЗ-дың болашағы – ресей нарығында премиум сегментке енген К5 буын автомобильдерінде екенін атап өтті
«Газмоторлы отынды пайдалану компанияның стратегиялық басымдығы болғандықтан, К5 буын дизель және газ модельдерін әзірлеу мен игеру қатар жүріп жатыр», — деп атап көрсетті ресейлік көлік алпауытының бас директоры.
Компанияның алдағы жоспары — 2023 жылдың соңында нарыққа сұйытылған табиғи газбен жүретін аса сұранысқа ие КамАЗ-54901 магистральдық тартқыштарын (тягач), сондай-ақ сығымдалған табиғи газбен жұмыс істейтін КамАЗ-65657 және КамАЗ-65658 автомобильдерін шығару. Аталмыш модельдерде жерсіндірілген заманауи кабина және қуаты 450 ат күшіне тең Р6 КАМАЗ газ қозғалтқышы орнатылады.
КамАЗ шоғырына жататын газмоторлы автомобильдерге көп жаңашылдық қолданылды, оларды жаңғырту аяқталуға жақын, өндірісі 2022 жылдың қарашасына жоспарланған. Бұл автомобильдердің құрамында КамАЗ V8 газ қозғалтқыштары және 1310 ТО жерсіндірілген беріліс қорабы болады. «КамАЗ»-дың еншілес кәсіпорны болып табылатын «НЕФАЗ» ЖАҚ табиғи газбен жүретін қалалық және қала маңына арналған үлкен автобустардың түрлі модельдер қатарын шығарады. Қазіргі таңда мұнда табиғи газбен жүретін КамАЗ-6299 буындасқан автобусын жасау үстінде. Бұл автобустар 2023 жылы әзір болып, 2024 жылы өндіріске жіберілмек.
«Газмоторлы техника өзінің әлділігі мен тиімділігін көрсетті және дизельдік көлікке толыққанды балама бола алады. Оған қоса, қазіргі күрделі экономикалық жағдайларда газмоторлы техника кеңінен қолданыла бастайды, өйткені ол Төменкөміртегін дамыту стратегиясын іске асыру жұмыстарын аздаған шығынмен жалғастыруға, қозғалтқыш конструкциясының қарапайымдылығы, барлық қажетті құрамдастардың бейтараптандыру жүйесі мен қолжетімділігі тұрғысынан келгенде шығарылып жатқан автомобильдердің экологиялық санатын «Еуро-5»-тен төмендетпеуге мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді Сергей Когогин.
Сонымен қатар Кама автомобиль зауыты өкілінің айтуынша, газмоторлық отынды кеңінен қолдану Ресейге қысқарып қалған табиғи газ экспортын ішкі тұтынумен ішінара өтейтін болады. Оның есептеуі бойынша, магистральдық дизель «тягач»-тарының тек 10 пайызын газмоторлы етсе, 3,5 млрд текше метр көлеміндегі жылдық табиғи газ тұтынуды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда табиғи газбен жүретін Татарстанда әзірленген автомобильдер мен автобустар паркі 17 мың бірлікке жақындап қалды.
Егор Васильев, корреспондент
16.09.2022, 12:43