Меню CARMA.KZ

Италия мен Испанияның көлік нарықтары жандана бастады

Екі елде де Volkswagen, Toyota және Peugeot брендтері сатылу көлемі бойынша алғашқы бестікке кірді.

Италия мен Испанияның көлік нарықтары жандана бастады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Италия мен Испанияның көлік нарықтары жандана бастады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

2021 жылғы тамыз айымен салыстырғанда биылғы тамызда Италия мен Испанияның көлік нарықтарында сауда өсім көрсетіп, қалпына келе бастады, деп хабарлайды autostat.ru. ресурсы.

Осы ресурстың мәліметтері бойынша, тамыз айында Италияның автомобиль нарығы 9,9%-ға өсіп, сату көлемі 71 мың 190 көлікті құрады. Сонымен бірге, Италияның автоөндірушілер қауымдастығы (ANFIA) өткен жылдың тамыз айында көрсеткіш төмен болғандықтан, биылғы тамыздағы нәтиже жақсы көрініп отырғанын мойындайды. Дей тұрғанмен мұндағы өсімді биылғы мамырда қосылған экологиялық таза көліктерді субсидиялау шараларымен де байланыстырады.

Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында Италия билігі елдің автомобиль өнеркәсібін қолдау жоспары аясында жаңа электромобильдер мен ластау деңгейі төмен автомобильдерді сатып алғандарға 6 мың еуроға дейін субсидия бере бастайтындықтарын мәлімдеді. Бұл шараларды іске асыру үшін, жыл соңына дейін шамамен 700 млн еуро қажет болды. Сондықтан жоспар тек мамырдан бастап іске асырыла бастады. Ал оның нәтижесі нарықта тек тамызға қарай көрініс тапты. Жалпы осы жоспар аясында Италия 2030 жылға дейін 8,7 млрд еуро бөлуді жоспарлап отыр.

Тамыз айындағы жетістіктер бәрібір биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша сауда жағдайын түзете алмады. Нақты айтатын болсақ, 2022 жылдың қаңтар-тамызында Италияда 865 мың 044 көлік сатылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,4%-ға төмен. «Автостат» агенттігінің ANFIA-дан алған деректеріне сүйенсек, Италияда ең көп сатылатын автомобиль бренді Fiat болып қала береді. Ол тамыз айында 10 мың 724 көлік (+14,8%) саудалады. Екінші орынды Volkswagen иеленді, оның саудасы 0,6%-ға төмендеп, 5 мың 685 бірлікті құрады. Ал үшінші орынға Ford маркасы жайғасты. Оның сауда көрсеткіші — 5 мың 412 автокөлік (+19,6%). Бұл жолы бес үздіктің соңында Toyota (4468 дана, +11,8%) және Peugeot (3755 дана, +29,8%) тұр.

Испанияның көлік нарығы болса тамыз айында 51 мың 907 көлікті саудалап, былтырғы тамызбен салыстырғанда 9,1%-ға өсті. Испанияның жеңіл және жүк автомобильдерін өндірушілердің қауымдастығындағылар (ANFAC) бес ай бойы құлдыраудан кейін, алғаш рет осындай оң нәтиже барын айтты.

Алайда бұл 2019 жылғы «індетке дейінгі» деңгейден әлі де 30%-ға төмен. Оған Украинадағы жағдайға байланысты логистикалық мәселелерден ушыққан автомобиль өндірісіне қажетті құрамдастардың тапшылығынан жаңа көлік жеткізудегі әлі де жойылмаған іркілістер себеп.

2022 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша, Испанияда автомобильдердің саудасы 533 мың 042 бірлікті құрады (2021 жылдың тамызына -9,4%). ANFAC мәліметтеріне сәйкес, Испанияда тамыз айында 4 мың 939 (+19%) Toyota сатылып, ең көп сатылған марка болды. Ал екінші орында 4 мың 544 көлік (+21,4%) сатылған Kia бренді тұр. Үшінші орын — Hyundai-да. Ол саудасын 13,3%-ға, 4 мың 422 бірлікке дейін арттырды. Үздік бестіктің соңына Volkswagen (3907 дана, +15,1%) мен Peugeot (3036 дана, +45,9%) жайғасты.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
05.09.2022, 15:04