ІІМ автомобильдерді заңдастырудың қалай жүргізілетінін айтты
Министрлік шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыруды екі кезеңге бөліп отыр.
Шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастырудың бірінші кезеңі аясында заңнамаға қажетті түзетулер енгізу қажет. Қаржы және экология министрлігі Салық және Экология кодекстеріне өзгерістер енгізетін болады.
Осыдан соң Үкіметтің қаулысы әзірленіп, бекітілмек, онда заңдастыру жүргізудің нақты шарттары, әр мемлекеттік органның құзіреті мен заңдастыруды жүргізудің мерзімдері көрсетіледі.
«Қазірдің өзінде алғашқы тіркеу үшін алым мөлшерлемесі 200-250 мың теңгені құрайтыны белгілі. Автомобильдерді заңдастыру кезінде утиль үшін алым алынбайды», — деп мәлімдеді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ОКҚ өткен баспасөз жиынында.
Екінші кезең аясында заңдастыру жүреді. Ішкі істер министрлігіндегілер заңдастыру шаралары барынша оңай жүргізілетінін айтады. Өтінімді қашықтан беріп, автомобиль қылмыстық және кедендік есептер бойынша тексеруден өтетін болады.
«Егер автомобиль тексеруден сәтті өтсе — оның иесі Халыққа қызмет көрсететін арнайы орталыққа келіп, құжатын тіркеуге тапсырады. Сонымен қатар азаматтар арнайы ХҚС-қа келіп, сол жерде-ақ барлық қажетті тексеруден өте алады», — деді министр.
Ол кедендік тазалаудан өтпеген нөмірі өзгертілген немесе 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктер тіркелмейтінін атап айтты.
Сақтандыру компанияларының деректері бойынша, Қазақстанда шетелдік нөмірлі 300 мыңнан астам көлік бар. Олардың барлығы дерлік Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен — Ресейден (260 мыңға жуық), Армениядан (18 мыңға жуық), Қырғызстаннан (25,5 мың) және Белоруссиядан (416) әкелінген.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
27.09.2022, 15:54