Hyundai Motor ішкі жану қозғалтқыштарынан бас тартпайды
Кореялық автоконцерн италиялық Bugatti секілді дәстүрлі қозғалтқыштар типтерінің экологиялық көрсеткіштерін жақсартпақшы.
Көптеген көлік концерндері ішкі жану қозғалтқыштарынан біртіндеп бас тартатындықтарын жариялап жатқанына қарамастан, кореялық Hyundai Motor көлік концерні толықтай электрлі көліктер шығаруға көшетін ойы жоқ, деп хабарлайды motor.ru ресурсы.
Аталмыш көлік концернінің техникалық атқарушы консультанты Альберт Бирманның айтуынша, кейбір елдердің нарығы көміртегі отынынан электрлі қуат түріне көшуге дайын емес. Сондықтан Hyundai жаһандық компания ретінде бұл фактіні назарға алмай тұрмайды, өйтпегенде өз өнімінің саудасын күрт төмендетіп алады.
«Ішкі жану қозғалтқыштарын біршама экологиялық етіп жетілдіруден басқа бізде таңдау жоқ. Hyundai — жаһандық ойыншы, сондықтан біз ІЖҚ-дан бас тартпаймыз, өйткені электрлі көліктерге толыққанды қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымы жоқ елдер әлемде әлі көп», — деді Бирманн.
Motor.ru ресурсының авторларының болжауынша, Hyundai қазіргі ішкі жану қозғалтқыштарының түрлерін жетілдіріп қана қоймайды, — мысалы, «Еуро-7» стандартын алайық. Компанияның қоржынында мүлдем жаңа ІЖҚ пайда болуы ықтимал, алайда мұны Бирманн әзірге растаған жоқ.
Естеріңізге сала кетсек, «Еуро-7» стандарты Еуропада 2025 жылы күшіне енуі мүмкін. Стандарттың түпкілікті нұсқасы әзірге дайын емес, бірақ қатаңдатылған ереженің қабылдауы өндірушілер үшін де, сатып алушылар үшін де қаражат жағынан салмақ салғалы тұр.
Осыдан бір жыл бұрын, 2030 жылға қарай Hyundai, Kia және Genesis-тің әлемдік саудасының 30%-ы көмірқышқыл газын аз бөлетін көліктер құрайды, ал 2024 жылға қарай тек қоршаған ортаға зиянсыз көліктер сатылатын болады деп хабарланған болатын. Алдағы сегіз жылда Hyundai Кореяның өзінде көліктерді электрлі етуге 16,54 млрд доллар құюды көздейді, бірақ қазір кореялық көлік өндірушілері бұл жоспарды қайта қарап, өзгеріс енгізетін секілді.
ІЖҚ-дан толықтай бас тартқысы келетін Hyundai ғана емес, қыркүйектің ортасында италия-франция бірлескен көлік өнеркәсібінің өкілі Bugatti Rimac-тың бас директоры Мате Римац компания алдағы он жылда ең өтімді модельдерде ІЖҚ-ны сақтап қалып, дербес электрокарлар мен кроссоверлер шығаратын жоспары барын айтқан.
Ал Еуропаның басқа елдерінің бәрі бірауыздан дәстүрлі қозғалтқыштардан бас тартамыз деп отырған жоқ. Еуропалық кеңістікте 2035 жылға қарай ІЖҚ бар жаңа автомобиль шығаруды толықтай тоқтатындықтарын мәлімдегендеріне қарамастан тиісті меморандумға Германия қол қоймады. ГФР-тың қоршаған ортаны қорғау министрлігіндегілер көмірқышқыл газын бөлуді азайту қажеттігі туралы тезисімен келіскендерімен, «рұқсат етілген» қозғалтқыштар қатарына гибридтер, яғни газ бен көміртегі жұбымен немесе электрлі және газ жұбымен жұмыс істейтін қозғалтқыштар енуі тиіс деп санайды.
Ал осы елдің көлік министрлігіндегілер ІЖҚ-ны мүлдем есептен шығарудан бас тартып отыр. Олар оны синтетикалық отын түрін (этанол) пайдалану есебінен экологиялық зиянсыз етуді ұсынды. Нәтижесінде немістер түзету енгіздіртіп, соған сәйкес 2035 жылдан кейін гибрид автомобильдерде ІЖҚ сақтап қалу мүмкіндіктерін қарастыруға Брюссель 2026 жылы қайта оралады. Ол үшін өндірушілер мұндай қозғалтқыш типін пайдалану барысында көмірқышқыл газын мүлдем бөлмейтіндігіне кепілдік бере алуы тиіс. Сонымен қатар жылына 10 мың ғана автомобиль шығаратын брендтер бір жылға шегерім (2036 жылдың 1 қаңтарына дейін) алды.
Егор Васильев, корреспондент
26.09.2022, 15:44