Меню CARMA.KZ

Hertz көлік жалдау сервисі 175 мың электромобиль сатып алады

2035 жылға қарай Hertz өзінің көлік паркін толықтай электрлі етпекші.

Hertz көлік жалдау сервисі 175 мың электромобиль сатып алады / Фото: kolesa.ru
Hertz көлік жалдау сервисі 175 мың электромобиль сатып алады / Фото: kolesa.ru

Автомобильдерді жалға берумен айналысатын әлемдегі ең ірі Hertz Global Holdings Inc. General Motors-тан 175 мың элкектромобиль сатып алғалы жатыр. Мәміледе Chevrolet, Buick, GMC, Cadillac және BrightDrop-тың пикаптары мен люкс санатына жататын автомобильдері қарастырылған. Алғашқы Chevrolet Bolt EV және Bolt EUV модельдері 2023 жылдың бірінші тоқсанында-ақ жеткізіле бастайды.

Жеткізудің нақты жоспары 2023 жылы General Motors Ultium батареялары орнатылатын электромобиль өндірісін бастаған кезде белгілі болады, деп жазады Bloomberg.

Бүгінде компания электрлі қозғалтқышты Hummer және Cadillac Lyriq модельдерін шығарып жатыр. Келер жылы Chevrolet Silverado пикабының, сондай-ақ Chevy Blazer және Equinox модельдерінің өндірісін жолға қоймақшы.

«Келісім Hertz клиенттері, оның ішінде демалушылар мен іскерлік саяхаттаушылар, бірлескен сапарлар мен корпорациялар үшін электромобиль ұсыныстарымызды молайтады», — деп мәлімдеді Hertz компаниясының бас директоры Стивен Шерр.

Hertz Global Holdings Inc. бұған дейін 100 мың Tesla және Polestar-дан 60 мың электромобиль сатып алу жөнінде мәміле жасасқан. Автомобильдерді жалға беру жөніндегі сервис электрлі көліктерді 2035 жылға қарай өзінің көлік паркін электрлендіру бағдарламасы аясында сатып алғалы жатыр.

Hertz әлемнің көптеген елінде, оның ішінде Қазақстанда да жұмыс істейді. Оның қызметіне Алматыда әуежайда және Rahat Palace аумағында жүгінуге болады.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
22.09.2022, 12:32