Haval 2030 жылға қарай бензинді автомобильдер шығаруды тоқтатады
Қытайлық өндіруші гибридтер мен электрлі көліктер шығаруға ойыспақшы.
Great Wall Motor концернінің құрамына кіретін қытайлық Haval бренді 2030 жылға қарай әдеттегі ішкі жану қозғалтқыштары бар автомобильдер өндірісін тоқтатады, деп хабарлайды autostat.ru. сайты.
Haval-дың ішкі жану қозғалтқыштары бар автомобильдер өндірісінен гибридтер мен электрлі көліктерге көшу процессі өте жылдам болатынға ұқсайды. Олай дейтін себебіміз, 2025 жылға қарай қытайлық өндірушінің конвейерлерінде бензин тұтынатын жаңа көліктердің үлесі 20%-ға дейін төмендейді. Гибридтер мен электрлі көліктер үш жылдан кейін Haval өнімінің 80%-ын құрауы үшін Great Wall Motor тиісті технологияларды дамытуға 100 млрд юань (қазіргі бағам бойынша 6,8 трлн теңге) қаржы құймақшы.
Қазірдің өзінде Haval маркасының құрамында (Chitu (Red Rabbit), Shenshou (Mystical Beast) және H6S аталатын үш гибридті автомобиль моделі бар. Сонымен қатар, жақында Haval H6 гибриді нарыққа ұсынылды. Компанияның болжауынша, жыл соңына дейін Haval H6 моделі сатылымның 40%-на жетпек. Көп ұзамай Haval қазірдің өзінде Таиланд нарағында сатылып жатқан тағы бір гибрид Jolion-ды ұсынбақшы.
Қазақстанда Haval автомобильдері Қытайдан әкелінетін көліктер арасында ең көп сатылатынның бірі. 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында ішкі нарықта осы марканың 499 көлігі сатылды. Салыстыру үшін, өткен жылдың дәл сондай кезеңінде бұл көрсеткіш 361 автомобильді құрады. Қазір Қазақстанда Jolion (бағасы 12,99 млн теңгеден басталады), F7 (13,49 млн теңгеден басталады), F7x (13,89 млн теңгеден басталады) мен H9 (18,99 млн теңгеден басталады) модельдері саудада бар. Ал тамыз айынан бастап елімізде Dargo моделіне (14,8 млн теңгеден басталады) алдын ала тапсырыс беру басталды.
Қазір көршілес Ресей нарығында Haval-дың модельдік қатарынан компанияның Тула облысындағы зауытында шығарылатын Jolion ықшам кроссовері, жаңартылған F7 кроссоверлері және f7x кросс-купе, H9 рамалық жол талғамайтын көлігі мен орташа көлемді Dargo кроссовері бар. Автостаттың хабарлауынша, осы жылдың басында Ресейде Қытайдың Haval және Chery қос бренді ең көп сатылатын шетелдік автомобильдердің үздік ондығына кірді. Оларға жергілікті автомобиль нарығының 3,6%-ы тиесілі.
Құрамына автомобильдер шығаратын төрт кәсіпорын мен автомобильдер құрамдастарын шығаратын 20 еншілес компания кіретін Great Wall Motors («Ұлы қабырға») жеке меншік компаниясы гибридті модельдер мен электрлі көліктерді шығаруды ұлғайтуының себебі — еуропа нарықтарына, оның ішінде Германия нарығына шығу жоспары бар. Компания Германияға автомобильдерді биылдың төртінші тоқсанында жеткізетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, GWM Малайзия нарығына шығу жоспарын жариялады. Оның айтуынша, Қытай концерні Малайзия нарығында гибридтер мен таза электромобильдерге үміт артады. Оған қоса, Great Wall Motors бензин сегментіне арналған жоспарларды да дамытпақшы: тамыз айында автоконцерн Ресейде v72 концептуалды ретро кроссоверіне патенттік құжат алып алды.
Егор Васильев, корреспондент
02.09.2022, 14:03