Ford Mustang спорт көлігінің жаңа буынын таныстырды
«Мустанг»-тың жетінші буыны ІЖҚ жұмыс істейтін купе және кабриолет түрінде шығарылатын болады.
Американың көлік шығаратын Ford компаниясы Детройтта Mustang спорт көлігінің жетінші буынын таныстырды, деп хабарлайды көлік концернінің баспасөз қызметі.
Жаңа Ford Mustang ІЖҚ жұмыс істейтін купе және кабриолет шанақтарымен ұсынылатын болады. Модельдің сыртқы пішіні жарықдиодты шамдармен, алдыңғы тордағы қосарлы ауа тартқышымен, сондай-ақ 19-дюмдық көпшабақты жеңілқорытпалы дискілермен және Brembo тежегішімен ерекше көрінеді.
Салонның алдыңғы панелінде екі планшет орнатылған, оның бірі 12,4-дюмдық сандық құрал панелі болса, екіншісі 13,2-дюмдық ақпараттық-ойын-сауықтық Ford SYNC4 жүйесі. Медиажүйе Apple CarPlay және Android Auto жүйелерін таниды. Сонымен қатар көлікте смартфондарға арналған сымсыз қуаттау қондырғысы қарастырылған. Өндіруші модельдің сандық интерфейсі үлкен «жаңашылдық» екенін айтып отыр.
Жаңа Ford Mustang қысымды турбиналық көтеретін 2,3-литрлі мотормен, сондай-ақ GT-нұсқа үшін 5,0-литрлік V8 мотормен жабдықталады. Беріліс қорабы механикалық және онсатылы «автомат». Тек қана артқы жетекті болып келеді. Жүргізуші алты қозғалыс режимінің бірін таңдай алады, оның ішінде спорттық, жарыс трегі мен драг-рейсингке арналған режимдері де бар. Көлік өндірушілердің барлығы электрлі тартымға ойысып жатқандығына қарамастан, жаңа буын «Мустанг»-тер ішкі жану қозғалтқыштарымен жарақтандырылады.
«Жаңа буын Mustang-ке инвестиция құю — біздің көптеген бәсекелестеріміз ішкі тану қозғалтқышымен жұмыс істейтін автомобильдер шығарудан бас тартып жатқан тұста маңызды қадам болып табылады, — деді бұған қатысты Ford Motor Company-дың бас директоры Джим Фарли. — Біз Ford Blue шоғырындағы ең табысты және сұранысқа ие автомобильдерімізге жаңа технологиялар мен гибрид нұсқаларды қосып отырамыз, олардан толықтай бас тартпаймыз».
Дей тұрғанмен ол электромобильдер өндірісіне 2026 жылға дейін 50 млрд доллар көлемінде инвестиция құю жоспарынан бас тартпайтындықтарын да айтып қалды. Сонда да аты аңызға айналған Mustang-ты электрлі етуге өндірушінің қолы бармады — оның бір себебі, 2014 жылдан бері Ford-тың бензинді «тұлпары» әлем бойынша көп сатылатын спорттық көлік болып келе жатыр. Ал оның жаңа буыны сауданы тіпті еселей түспек.
«Бұл менің бұған дейін отырып көрген көліктерімнің ішіндегі ең спорттық әрі нық сенім беретін Mustang-ым, — деді жаңа модификация туралы компанияның бас инженері Эд Кренц. — Автомат немесе механикалық беріліс қорапты көліктің қайсысы болсын, жүргізушілерге қай жерде де максималдық өнімділікті ұсына алады».
Жаңа модификацияның жүргізу барысындағы сезімталдығы руль дөңгелегінің шинаға икемділігін азайту есебінен жақсартылды, ал рульдің жылдам беріліс жасауы бұрылыстарда жаңа автобильдің динамикасын жақсартады. Берілістерді қолмен ауыстыру арасында жоғары айналу сәтін сақтап тұру үшін іліністі қосқан кезде қозғалқыштың айналымдарын ұстап тұратын реттегіш GT үшін стандартты болып табылады.
Жаңа «Мустанг»-тың салоны жануарларды қорғаушылардың наразылығына тап болуы мүмкін, себебі оның отырғыштары, руль дөңгелегі, ұстағанда жұмсақ сезілетін құралдар панелі мен есік жақтауларының барлығы да табиғи терімен қапталған. Жаңа буын көлік 12 түрлі түспен, оның ішінде жаңадан қосылған Blue Ember, Vapor Blue және Yellow Splash түстерімен шығарылады.
Егор Васильев, корреспондент
26.09.2022, 12:26