Ford F-Series Super Duty бензинді пикаптарының өндірісін кеңейтеді
Америкалық өндіруші «жеңіл жүк көліктерін» өндіретін зауытына 700 млн доллар инвестиция құймақшы.
Ford Motor Co. Кентукки штатындағы өзінің пикап өндірісіне қосымша жұмыскерлерді алып жатыр, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.
Ford Motor Co. Луисвиллдегі жүк көліктерін өндіретін ірі зауытына 700 млн доллар инвестиция құйып, F-серияға жататын үлкен пикаптарының жаңартылған нұсқасын жасау үшін 500 жұмыскерді жұмысқа алып жатыр. Компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Bloomberg-тың хабарлауынша, инвестиция зауытты жаңа қондырғымен жарақтауға және F-Series Super Duty жүк көліктеріне жаңа функциялар енгізуге жұмсалмақ.
Болжам бойынша, бас атқарушы директор Джим Фарли пикаптың жаңа модификациясын 4 қазанда, Луисвиллдегі Churchill Downs Racetrack ипподромында таныстыруы тиіс. F-Series — Ford автомобильдері арасындағы ең табыстысы және соңғы қырық жылдан бері жыл сайын Америкадағы ең өтімді автомобиль болып келеді.
Super Duty – F-Series көліктерінің ең үлкен нұсқасы және ол негізінен құрылыс, кен игеру және апаттық-құтқару қызметі секілді салаларда коммерциялық мақсатта қолданады. Сондай-ақ оны коммуналдық кәсіпорындар да пайдаланады. F-Series желісі Ford Motor Co. компаниясына жылына 40 млрд доллардан астам кіріс әкеледі, бұл McDonald's Corp. пен Starbucks Corp. екеуінің жылдық кірісінен көп, деп атап өтеді Bloomberg.
Ford пикаптың электрлі F-150 нұсқасын да шығарды. Ол негізінен тек бөлшек сатып алушыларға сатылатын F-сериясындағы ең кішкентайы болып табылады. Дегенмен, ол тәжірибе үшін шығарылғаны болмаса, жалпы алғанда үлкен жүктерді тасымалдайтын Super Duty бәрібір ішкі жану қозғалтқыштарымен ғана жарақтандырыла бермек.
Қазба отынмен жұмыс істейтін модельдер «компанияның кіріс әкелушісі» болып қала береді, деп мәлімдеді Ford Pro-ның коммерциялық бөлімшесінің басшысы Тед Каннис, сондықтан Super Duty маңызы зор: ол пайдалану барысындағы сенімді көлік ретінде Ford Motor Co. компаниясына пикаптар нарығын өзге бәсекелестерінен екі еседен артық еншілеуіне көмектеседі дейді.
Биылғы жылдың сегіз айында Ford нарықта 300 мыңнан астам пикап сатқан. Ал оның жерлес бәсекелесі Ram Trucks-тің сатқан көліктері 200 мыңға да жетпейді. Үшінші орында Chevrolet Silverado және Sierra 1500 модельдерімен General Motors тұр. Осы үздік үш америкалықты Toyota Tundra өкшелеп келеді. Оның 100 мың бірлік көлігі сатылған.
Егор Васильев, корреспондент
30.09.2022, 13:34