Дизель жоқ ЖҚС-тардың саны 633-тен 485-ке азайды
Энергетика министрлігі отынмен қамтамасыз ету барысы туралы есеп берді.
Қазақстан отын тапшылығының алдын алу үшін мұнай өңдеу көлемін арттырып жатыр, деп мәлімдеді үкімет отырысында есеп берген энергетика министрі Болат Ақшолақов.
2022 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында Қазақстанда 3,53 млн тонна дизель өндірілген. Бұл 2021 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 259 мың тоннаға артық. Энергетика министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда 2022 жылға арналған мұнай өнімдерін өндіру болжамы 13,72 млн тоннаны құрайды, бұл 2021 жылдың қорытындысы бойынша бір миллион тоннаға көп.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, мұнай базаларындағы дизель қоры 151 мыңнан 163,8 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, ал дизель жоқ ЖҚС-тардың саны 633-тен 485 бірлікке дейін азайтылған.
Бұған дейін 2022 жылдың 12 шілдесінде Қазақстанда автомобиль көлігімен бензин мен басқа да мұнай өнімдерін сыртқа тасымалдауға тыйым салынған еді. Аталған шектеу жарты жыл бойы күшінде болады. Энергетика министрлігі дизель отынына дифференциал және лимит тариф енгізіп, ал «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» 2022 жылдың қыркүйек-қазанында Ресейден 100 мың тонна отын импорттауға келісімшарт жасасты. Қазіргі таңда оның 10 мың тоннасы жеткізілді.
Болат Ақшолақов Энергетика министрлігі ЖҚС-тарға отын жеткізуді жолға қою бағытында жұмыс істеп жатқанын айтты.
«ҚМГ бен МӨЗ-дер жеке өңдеуші берушілердің мәселесін, оларға тек ЖҚС-тармен тікелей келісімшарты расталған жағдайда ғана дизель отынын тиеуді қарап жатыр. Басқа жағдайда отын тиеу тоқтатылады. Жеке өңдеуге берушілердің жартысы ЖҚС-қа тікелей жеткізетіндіктерін растады», — деп мәлімдеді энергетика министрі үкіметтің отырысында.
Ол Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттігіне МӨЗ-терде және мұнай базаларында дизель отынына көтерме бағаларды уақытша мемлекеттік реттеуді енгізу туралы ұсыныс жібергенін атап өтті.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
13.09.2022, 14:24