Меню CARMA.KZ

Citroen алғашқы логотипіне қайтып оралды

Француздың көлік өндірушісі жұмыс істеп тұрған 103 жыл ішінде логотипін оныншы рет ауыстырып жатыр.

Citroen алғашқы логотипіне қайтып оралды / Фото: Citroen
Citroen алғашқы логотипіне қайтып оралды / Фото: Citroen

Citroen компаниясы жаңа фирмалық символикасын таныстырды. Ол брендтің 1919 жылғы алғашқы фирмалық белгісінің тұп-тура көшірмесі болып табылады, деп хабарлайды motor.ru.

Брендтің жүз жыл бұрынғы белгісіндегі «қосарлы шеврон» — бүктелген екі жолақ 1919 жылдағыдай сопақ шеңберге алынып отыр. 1966 жылы Citroen-ның логотипіндегі сопақ шеңберді тіктөртбұрышпен алмастырған еді. Ал 2009 жылы логотип дизайнынан барлық геометриялық қоршаулар мүлдем алынып тасталды. Енді, міне, арада жүз жыл өткен соң француз компаниясы бұрынғы белгісіне қайта оралып отыр.

«Баршаға қолжетімді әрі инновациялық мобилділікті уәде етушіні бейнелейтін Андре Ситроеннің алғашқы логотипіне қайта оралуда ұзақ айналым жасау біз үшін қисынды еді», — деді Citroen-ның жаһандық бренд-дизайнері Александр Реверт.

Жаңа логотиптен, заманауи трендтерге сәйкес, үшөлшемділік жойылды. Citroen-дағылардың айтуынша, ол ең алдымен мобильдік қондырғылардың экранында, оның ішінде «күңгірт» режимдерде активациялау барысында ыңғайлы көрінуге мүмкіндік береді. Мұндай лого көше жарнамаларында да жақсы оқылады, ал хромдалмауы оның физикалық бейнесін өңдеуге жарамды етеді. Эмблема сандық жүйелерде де, сонымен қатар Citroen-ның фирмалық стилінің барлық элементтерінде, оның ішінде ғимараттың жазуларында, промо-материалдарда, мерчтарда және автомобильдерде пайдаланылады. Жаңа нәл алғашқы болып 2022 жылдың қыркүйегінде таныстырылатын марканың концептісінде көрініс тапқалы тұр.

Айта кетейік, осыдан бірнеше апта бұрын ғана, қыркүйектің басында Citroen мен шведтің Polestar компаниялары арасында логотиптердің ұқсастығына байланысты үш жылдан бері жалғасып келе жатқан дауға нүкте қойылған болатын. 2020 жылы француздар Polestar-ды плагиатқа барды деп айыптап, Францияда швед брендінің автомобильдерін сатуға сотпен тыйым салдырған еді. Енді француз өндірушісі жаңа логотип енгізуіне байланысты арадағы мәселе шешілген сыңайлы.

Polestar мен Citroen өз эмблемаларында «шеврон» түріндегі ұқсас элементтерді қолданады, дей тұрғанмен олар әр түрлі орналасқан, бірақ француз компаниясы логотиптердің ұқсастығы «беделімізге нұқсан келтіреді» деп санайды. Citroen Polestar-дың Еуроодақтың барлық елдеріне логотипті пайдалануына тыйым салуды өтініп Еуропа сотына жүгінген, алайда айналып келгенде француз нарығы швед электромобильдеріне тапсырыс беруге болатын елдер тізімінен түсіп қалды. Енді екі компания келісімге келген соң швед электрокарлары Францияда да пайда болып, электромобиль шығармақшы болған Citroen-ге қайтадан бәсекелес болып шыға келді.

Осыған дейін Citroen 2030 жылға қарай Еуропада бензин моторлы көлік шығаудан толықтай бас тарту жоспары барын мәлімдеген еді: 2023 жылдың күзінде саудаға электрлі Citroen C3 шықпақшы, одан соң e-C3 Aircross кроссовері таныстырылып, ал 2025 жылы тағы бір кроссовер — e-C5 Aircross жарыққа шықпақ болатын. Сонымен қатар коммерциялық техника да электрленбек — алғашқы болып LCV e-Berlingo электрленгелі тұр. Десек те француз көлік өндірушісі Қытайда және дамушы елдердің нарықтарында 2030 жылдан кейін де бензинді және дизель көліктерді сата бермекші.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
28.09.2022, 14:42