BYD алғашқы алты айда 500 млн доллардан астам пайда тапты
Компания электромобильдер өндірумен айналысады.
Қытайлық BYD компаниясының алғашқы алты айдағы таза пайдасы 520,56 млн долларды (247,2 млрд теңге) құрады. Бұл 2021 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда, 2 есеге артық көрсеткіш.
Компанияның қаңтар-маусым аралығындағы жалпы табысы 21,7 млрд долларды (10,3 трлн теңге) құрады. Бұл 2021 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 65,7%-ға көп.
Компания электромобильдер мен гибридттердің саудасы 3 есе артық өсуінің арқасында осынша табысқа қол жеткізді. BYD 2022 жылдың қаңтарынан маусымына дейін 640 мың көлігін саудалады, деп жазады Chinadaily.
Компаниядағылар жеткізу тізбегінің қалпына келе бастағанын айтады. Сондықтан 2022 жылдың екінші жартысында автомобиль нарығында сұраныс артады деп күтілуде. Өйткені, дәл осы көлік саудасы компанияның табысын арттырып жатыр (табыстың жалпы көлемінің 72,55%). Ал 2022 жылдың алғашқы жартысында қытайлық компанияның автомобильдерді сатудан түскен табысы 8 млрд долларды (7,5 трлн теңге) құрады.
Сондай-ақ, компания зерттеулер мен жаңа әзірлемелерге қаржыны көбірек құя бастаған. Мәселен, қаңтардан маусымға дейін BYD осы мақсаттарға 933 млн доллар (443 млрд теңге) инвестициялады.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
06.09.2022, 08:00