Bugatti әдеттегі ішкі жану қозғалтқышымен қоштасуға асықпайды
Люкс санаттағы ең танымал көлік брендтердің бірі дербес электр көліктері мен кроссоверін жасайтын ойы жоқ.
Bugatti Rimac Италия-Франция бірлескен автомобиль өндірушісі сәнге еліктемейді, алдағы он жылда жеке электркөліктері мен кроссоверлерін шығармайды, деп хабарлады немістің «Autobmobilwoche» ресурсына берген сұхбатында компанияның бас директоры Мате Римац.
«Bugatti алдағы он жылда дербес жол талғамайтын көлігін шығаратын жоспары жоқ», — деді Римац.
Оның айтуынша, Bugatti-дің он жылдық даму жоспарында толығымен электр модельдерді шығару да көзделмеген. Әйтсе де, 2021 жылы онымен серіктеске айналған хорватиялық Rimac компаниясы, дәл осы электр көліктер мен соған қатысты технологияларды өндіруге маманданғанын айта кеткен жөн.
Дегенмен, олар тек ішкі жану қозғалтқыштары бар модельдерді сақтап қалуды мақсат етпейді. Bugatti бензин және электр тарту күші үйлесімде жұмыс істейтін «гибридтер» өндірісіне назар аударғысы келеді. Атап айтқанда, компания Bugatti Chiron гиперкарының 2016 жылы көпшілікке ұсынылған мұрагерін электрлендіруге ниетті.
Модель 1928-1958 жылдар аралығында әртүрлі жарыстарда Bugatti атынан өнер көрсеткен автошабандоз Луи-Александр Широнның құрметіне аталған. Еуропада бұл көліктердің бағасы 2,5 миллион еуродан бастап сатылды. Ол 2,4 секундта 100 км/сағ жылдамдықпен қозғалады және максималды жылдамдығы — 420 км/сағ. Мұндай көліктің 500 данасы шығарылған.
Bugatti-дің ішкі жану қозғалтқыштарынан бас тартқысы келмеуінің себебі, электрлі көліктер жылдамдық жағынан бензин түпүлгілерімен бәсекеге түсе алмайды. Сонда да бұл жерде де «жасылдандыру»-ға бетбұрыс барын байқауға болады. 2022 жылдың тамызында Францияның Мольсем қаласында орналасқан италиялық компания W16 Mistral родстерінің таныстыру шарасында, бұл 16 цилиндрлі қозғалтқышы бар соңғы модель болып қалады деп мәлімдеді.
Яғни, 2024 жылға жоспарланған жаңа Bugatti гиперкары электр қондырғысымен қосарланған басқа бір ішкі жану қозғалтқышымен шығарылады деген сөз. Оны Bugatti үшін арнайы жасап шығара ма, әлде Volkswagen концернінен қарызға ала ма, ол әзірше белгісіз. Мысалы, Lamborghini Aventador гибридті мұрагері үшін жаңа V12 қозғалтқышын дайындап жатыр.
Сол сұхбатында Мате Римац мақсат — Bugatti-дің гибридті күштік қондырғысын электрлі көлік режимінде кем дегенде 50 шақырым жүруге мүмкіндік беретін етіп жасау деп атады. Оның пікірінше, бұл гиперкарлардың иелеріне бензин қозғалтқышын қоспай-ақ, оларды қалалық ортада пайдалануға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, кроссоверлер шығаруға көп жағдайда люкс санатындағы брендтер жүгінеді. Мәселен, Bentley, Rolls-Royce және Aston Martin осы сегменттегі жеке көліктерін ұсынады, келесі аптада Ferrari Purosangue-тың премьерасы болатыны белгілі. Сондай-ақ, британдық McLaren корпорациясы да өздерінің жеке жол талғамайтын көліктерін шығаруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, 2035 жылға қарай Еуропа ішкі жану қозғалтқыштары бар автомобильдер өндіруден бас тартпақшы. Алайда осы орайда, Германия бензин көліктерінен түбегейлі бас тартпай, гибрид қондырғы орнату арқылы көлікті зиянсыз етіп шығаруға болатынын айтып отыр және Bugatti-де бұл оймен келісетін сияқты.
Егор Васильев, корреспондент
12.09.2022, 15:27