BMW және MINI салондарын 2023 жылдан бастап «жасанды терімен» безендіреді
BMW Group компаниясы келесі жылдан бастап көліктерінің салондарын табиғи былғарымен безендіруден бас тартады.
BMW Group концерні келісі жылдан бастап жануарлар терісінен жасалған табиғи былғарыны салон интерьеріне пайдаланбайды, деп жазады motorpage.ru сайты.
Неміс концерінінде Secondary First тұжырымдамасы әзірленді. Ол BMW Group жаңа автокөліктерін өндіру кезінде барлығына қайталама шикізатты қолдануды көздейді. Тұжырымдамаға сәйкес, мәселен MINI Countryman дөңгелектерінде қайта өңделген алюминийдің үлесі 70%-ды құрайтын болады. Неміс өндірушісі мұнымен ғана шектелмек емес. Экологиялық стратегия көлік салонының безендіру материалдарына да өзгеріс әкелмекші. Осылайша келесі жылдан бастап автомобиль қатары толығымен «вегетариандық» интерьері бар модельдермен толықтырылады.
Бұл көліктердің салонында жануарлардың терісінен жасалған материалдар мүлдем қолданылмайды. Тіпті рулін де табиғи былғарыға ұқсас, қажалуға төтеп беретін жасанды өзгеше бұжыр былғарымен қаптайды. Мал терісіндегідей емес, бұл материалды өндіру кезінде атмосфераға парниктік газдар мен метан 85%-ға аз бөлінбек. Бұл Германияда автоөндіріс өнімдерінде көміртектен бас тартуға жасаған тағы бір қадам болып саналады.
Одан бөлек, стратегия мономатериалдардан кілемше әзірлеуге көшуді көздейді (олардың сыртқы және ішкі бөлігі әр түрлі емес, бір материалдан жасалған). Экологтардың есептеуінше, бұл концерннің бөлетін улы заттарының жылдық көлемін — 16 мың тоннаға, ал қалдықтарды 1600 тоннаға азайтады. Болашақта BMW және MINI көліктерінде кактус талшықтарынан алынатын биополиуретан матрицасы негізінде жасалған Deserttex жасанды терісі мен табиғи былғарыға ұқсас әрі қайта өңдеуге болатын Mirum материалы пайда болады.
Бірақ BMW Group компаниясының қол астындағы брендтердің барлығы бір уақытта жасанды теріге көше алмайды. Мысалы әуесқой автомобильшілер үшін байлықтың көрсеткіші деп саналатын Rolls-Royce брендіне қатысты қиындықтар туындап отыр. Әзірге люкс және ультралюкс сегменттерінде табиғи былғары — жаңа көліктердің айнымас белгісі ретінде қарастырылады. Сондықтан мұнда ойланып-толғанып барып қана жасанды теріге көшетін болады.
Атап айтқанда, Phantom Platino салоны бар Rolls-Royce Phantom Series II моделінде алдыңғы орындықтар — былғарыдан, ал артқы орындықтар матаның екі түрімен қапталады. Біріншісі — Италияда жасалған жібек болса, ал екіншісін бамбук талшықтарынан дайындайды.
Егор Васильев, корреспондент
09.09.2022, 12:15