Битумға бәрінен бұрын Қазақстанның оңтүстік өңірлері мұқтаж
Қазақстанның битумға деген жалпы қажеттілігі 1,1 млн тоннаны құрайды.
Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанның батыс өңірлері, басқа аймақтарға қарағанда, битумға мұқтаж емес. Олар жылына 500 мың тонна битум өндіреді, ал жылдық қажеттілігі небәрі 191 мың тоннаны құрайды. Бәрінен бұрын еліміздің оңтүстігі битум тапшылығына тап болып отыр. Олар жылына 374 мың тонна өндіре отырып, жылдық қажеттілігі 602 мың тоннаны құрайды. Ал солтүстік және шығыс Қазақстанның жағдайы аз да болса тұрақты. Олар жылына 300 мың тонна өндіре отырып, 308 мың тонна битумды қажет етеді.
Қазір бүкіл елдің битумға деген жалпы қажеттілігі 1,1 млн тоннаны құрайды. Энергетика министрлігі зауыттарды қосымша жүктеу есебінен өндірісті 1,2 млн тонннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
«Автомобиль жолдары компаниялары ҚР ИИДМ-нен бірыңғай сатып алушы арқылы қысқы-көктемгі кезеңде битумның қосымша көлемін сатып алуға арналған шығындарды жоспарлауы қажет. Жол-құрылыс жұмыстарының құны битум бағасының нарықтық жағдайын көрсетуі қажет», — деп мәлімдеді энергетика министрі Болат Ақшолақов үкімет отырысында.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда шамамен 600 мың тонна битум өндірілді, ал жоспар жылына 726 мың тоннаны құрайды. Енді битум өндірісін жылына 1,2 млн-ға дейін арттыру жоспарланып отыр (2021 жылдың қорытындысы бойынша 247 мыңға артық). Ендігі кезекте Caspi Bitum зауытының қуаты Қаражанбас мұнайын өңдеу есебінен жылына 500 мың тоннаға дейін (+94 мың), ал Qazaq Bitum ресейлік гудрон импорты есебінен жылына 374 мың тоннаға дейін (+200 мың) өседі деп болжап отыр.
Бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, қыста және көктемде жол-құрылыс жұмыстары жүргізілмейтіндіктен, битум сатып алуға өтінімдер мүлдем болмайды деп мәлімдеген. Алайда, жазда трейдерлер сұраныстың жоғары болуына байланысты, бағаны көтеру үшін битум тапшылығын қолдан жасайды.
Осылайша, битумның 1 тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Енді ИИДМ қыс мезгілінде сұранысты қамтамасыз етіп және осы кезеңде зауыттарды жүктеу үшін бірыңғай битум сатып алушыны анықтауды ұсынады. Бұл бағаны теңестіріп, болашақта тапшылықты болдырмауы тиіс.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
14.09.2022, 08:30