Беларусь өз аумағынан көлік әкетуге тыйым салды
Көлік құралдарын экспорттауға тыйым салу уақытша, тек алты ай күшінде болады.
Беларусь Республикасының үкіметі өнеркәсіптік тауарлардың жекелеген түрлерін, соның ішінде автомобильдер мен олардың құрамдастарын елден әкетуге тыйым салуды енгізу туралы № 630 қаулысын қабылдады, деп хабарлайды РБ ұлттық құқықтық интернет-порталы.
Қаулы осы жылдың 23 қыркүйегінде өз күшіне енді. Ол уақытша сипатқа ие және алты ай күшінде болады. Беларусь аумағынан өнеркәсіп тауарларының 250 түрін, соның ішінде автомобильдерді, ауыл шаруашылығы техникаларын және арнайы техниканы әкетуге тыйым салынды.
Әкетуге тыйым салынған тауарлар тізіміне адамдарды тасымалдауға арналған жеңіл автомобильдер мен басқа да моторлы көлік құралдары, соның ішінде фургондар, жарыс көліктері, сондай-ақ жүк тасымалдауға арналған моторлы көлік құралдары мен тракторлар кірді.
Сонымен бірге, мотоциклдерді (мопед те кіреді) және қосалқы қозғалтқышты, жеңіл арбалы немесе әдеттегі велосипедтерді, сондай-ақ бесік арбалар, екі дөңгелекті және басқа да велосипедтерді (жүк жеткізуге арналған үш дөңгелекті велосипедтерді қоса алғанда) әкетуге тыйым салынады.
Одан бөлек, Беларусь елінен арнайы моторлы көлік құралдарын әкетуге болмайды. Олар: апаттық жүк көліктер, автокрандар, өрт сөндіру көлік құралдары, автобетонараластырғыштар, жол тазалауға арналған автомобиль, суару-жуу көліктері, автошеберханалар, рентген қондырғылары бар автомобильдер.
Құрамдастарды әкетуге де тыйым салынады. Оның ішінде: моторлы көлік құралдарына арналған қозғалтқыштар, моторлы көлік құралдарына арналған шанақтар (кабиналар да кіреді), барлық үлгідегі моторлы көлік құралдарының бөлшектері мен керек-жарақтары орнатылған шассилер кіреді.
Қаулыға сәйкес, Беларусь аумағынан ІЖҚ және электрлі қозғалтқыштарын, ұшқынмен тұтанатын немесе сығымдаған кезде жанатын ІЖҚ-ын іске қосуға арналған электр жабдығын (мысалы, магнето, тұтану катушкалары, тұтану білтелері, қызу білтелері, стартерлер), осындай қозғалтқыштарда пайдаланылатын генераторлар мен ажыратқыштарды әкетуге тыйым салынады.
Сонымен бірге, велосипедтерде немесе моторлы көлік құралдарында қолданылатын электр жарықтандыру немесе сигнал беру жабдықтары, шыны тазартқыштар, мұздатуға қарсы және булануға қарсы заттар, сондай-ақ көліктердің барлық түрлерінде қолданылатын аккумуляторларды шығаруға тыйым салынды. Беларусь үкіметі бекіту бөлшектері мен корпустық метал бұйымдары бар мойынтіректерді тізімге қосуды ұмытпады.
Беларусь автомобиль қауымдастығының (БАҚ) мәліметінше, тамызда беларусьтық автонарық 83,9%-ға қысқарды. Жаңа көліктердің небәрі 542 данасы сатылған. 2022 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша, бұл елдегі жеңіл көліктердің саудасы 11 764 бірлікті құраған.
Беларусь автонарығында қаңтар-тамыз аралығында көш басында LADA маркасы тұр. Оның 3490 көлігі саудаланды. Кейінгі кезекте Geely және Kia бренттері бар. Бірақ олардың қанша көлік сатқаны кеңірек айтылмайды. БАҚ-та атап өткендей, алдағы айларда күтілетін сауда көрсеткіші Geely-дің сату көлеміне байланысты болмақ. «Белджи» зауытының саудасын қоспағанда, нарықтың айына 500 көлік сату межесіне жетуі екіталай.
Жалпы алғанда, дилерлік қорда жаңа көліктердің саны 2 мың бірліктен асады. Бұл үш айлық сату көлеміне сәйкес келеді. Сонымен қатар, қордағы көлік маркалардың үлесі біркелкі емес. Ал дилерлерден жаңа көліктердің ассортименті төмендеп келеді.
Егор Васильев, корреспондент
27.09.2022, 15:49