АвтоВАЗ Ресейде дағдарысқа дейінгі сату көлеміне қайта оралғанын мәлімдеді
Ресейлік автоконцерннің екі моделі — Lada Granta және NIVA, өткен жылмен салыстырғанда, 2022 жылдың тамызында ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие болды.
2 қыркүйекте ресейлік АвтоВАЗ концерні, тамыз айының қортындысы бойынша, Ресейдегі дағдарысқа дейінгі сауда деңгейіне қайта келгенін мәлімдеді.
Ресейлік өндірушінің ресми сайтында жұма күні жарияланған релизіне сүйенсек, 2022 жылдың тамызында Ресейде 18 мың 087 жеңіл және коммерциялық жеңіл LADA моделі сатылды. Бұл өткен аймен салыстырғанда, 75,2%-ға жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, АвтоВАЗ екі модельдің (Lada Granta және NIVA) жылдық сатылымы жоғары болғанын тіркеді. (2022 жылдың тамызынан 2021 жылдың тамызына дейін).
Осылайша, 2022 жылдың тамызында Lada Granta жеңіл автомобильдерінің сатылым көрсеткіші 11 мың 580 дананы құрады. Бұл 2022 жылдың шілдесіне қарағанда 77%-ға жоғары және 2021 жылдың тамызының көрсеткішінен 31%-ға асып түсті. Сонымен қатар, автокөлік өндірушісі Lada Granta-ның орташа айлық сатылымы 2021 жылы 9 мың 286 автомобильді құрағанын еске салды. Ал бұл 2022 жылдың тамыз айының нәтижесінен әлдеқайда төмен.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы АвтоВАЗ, дәл қазіргідей, қажетті құрамдастарды жеткізе алмай, өндірістік желілері ара-арасында тоқтап тұрды. LADA NIVA Legend сатылымына келетін болсақ, олар 2022 жылдың тамызында 1 мың 782 бірлікті құрады, бұл 2022 жылдың шілдесіндегі нәтижелерден 3 есе көп және 2021 жылдың тамызына қарағанда 17% жоғары.
2021 жылы Niva жол талғамайтын көліктерінің өндірісі де құрамдастарды жеткізудегі іркілістерге байланысты біраз қиындыққа тап болған. Осылайша тамыз айының сатылымы бойынша, Lada-ның екі моделінің (Granta және NIVA) саудасы, 2021 жылғы АвтоВАЗ-дың 5 модельдің сауда деңгейіне жетті. Компания басшылығы көрсеткіштің қалпына келу себебін ресейлік автомобиль өнеркәсібінің жанама мемлекеттік қолдауымен байланыстырады.
«2022 жылдың тамызындағы Lada Granta және NIVA сатылымдарының нәтижелері және АвтоВАЗ-дың дағдарысқа дейінгі көлемге шығуы — Ресей Индустрия және сауда министрлігі бастаған жеңілдетілген несие бағдарламаларының тиімділігін айқын көрсетеді», — деді «АВТОВАЗ» АҚ президенті Максим Соколов. — Осындай жетістікке жеткеніміз үшін, компанияның барлық ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да біздің командамыздың әрбір мүшесін жұмыс қарқынын төмендетпеуге шақырамын. Біз бірге барлық қиындықтарды сәтті шешіп, Ресейдің автомобиль нарығындағы кез келген сұранысты қанағаттандыра аламыз».
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 маусымынан кейін шығарылған Lada Granta, NIVA Legend және NIVA Travel автокөліктерін ресейлік сатып алушылар үшін жеңілдетілген несие бағдарламасы бар. Бағдарлама бойынша жаңа көлікті 20% жеңілдікпен сатып алуға (Қиыр Шығыстың тұрғындары үшін 25%) мүмкіндік береді. Бірақ автокөлік құны 2 млн рубльден (15,6 млн теңге) аспауы тиіс. Бұл ұсыныс кем дегенде бір кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға, дәрігерлер мен мұғалімдерге, сондай-ақ автокөлік құралын алғаш сатып алушыларға қол жетімді.
Осы шарттар автомобиль алты жылдан асқан, егер олар кемінде бір жыл иелік еткен болса, тред-инге тапсырушыларға да қолданылады. Бағдарлама 2022 жылғы 1 желтоқсанға дейін қолданылады. АвтоВАЗ кәсіпорны биылғы наурыз айынан бастап құрамдастарды жеткізуде біраз қиындықтарды өткерді. Бірақ Ресей концерні 29 тамызда ғана өз жұмысын толық қалпына келтіргенін мәлім етті. Бұған дейін оның қуаты бастапқыда тоқтап тұрса, жаздың ортасынан бастап аптасына 4 күннен жұмыс істей бастады.
Егор Васильев, корреспондент
03.09.2022, 15:17