АвтоВАЗ LADA-ның екі жаңа моделін шығармақшы
Жаңа кроссовердің және седандар мен универсалдардың жаңа шоғырын 2024-2025 жылдары шығара бастайды.
АвтоВАЗ екі жаңа LADA моделін, оның ішінде кроссовер және седандар мен универсалдардың жаңа шоғырын шығарғалы жатыр, деп хабарлайды РФ Сауда және өнеркәсіп министрлігінің баспасөз қызметі.
Жақында жаңа модельдерді жасау туралы ақпаратты РФ Үкіметі төрағасының орынбасары, РФ өнеркәсіп және сауда министрі әрі «АвтоВАЗ» АҚ директорлар кеңесінің басқарушысы қызметін қоса атқаратын Денис Мантуров мәлім етті. РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігінде «АвтоВАЗ»-ға қатысты өткен отырыста, 2024-2025 жылдары LADA-ның екі жаңа моделін, атап айтқанда Lada Vesta платформасында кроссовер және жаһандық платформада «В» сегментіне жататын жеке шоғыр жасау туралы шешім қабылданған.
Өнеркәсіп және сауда министрлігінің түсіндіруінше, жаңа «жаһандық платформада» қосалқы субкомпакт шоғыры жасалады. Бұған дейін «АвтоВАЗ» басшысы Максим Соколов, жаңа седандар мен универсалдарды бір базада шығару туралы айтқан. Дәл осы Соколов, біраз уақыт бұрын Vesta базалық моделіне негізделген кроссовер өндірісі жайлы да мәлімдеген болатын. Ижевскіден Тольяттиге көшірілген Lada Vesta өндірісі 2023 жылдың көктемінде іске қосылады деп жоспарланған. Ал 2023 жылы қуатты қозғалтқышы бар үш есікті Lada Niva Legend жол талғамайтын көлігінің жаңа модель түрін шығара бастайды.
Өнеркәсіп және сауда министрлігіндегі отырысқа қатысушылар Ресейдегі автомобиль нарығының қазіргі жағдайын, өндіріске қажетті құрамдастарды алмастыру және жерсіндіру жайлы және 2022-2023 жылдарға арналған өндірістік жоспарларды талқылады. Ведомствоның баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың тамызында Ресейде LADA-ның 18 мың жеңіл және коммерциялық жеңіл моделі сатылған. Бұл 2022 жылдың шілдесіне қарағанда, 75,2%-ға жоғары. LADA моделінің екі шоғырының (Granta және NIVA) тамыз айындағы саудасы 5 модельдің қатары шығарылған 2021 жылғы деңгейге жетті.
2022 жылдың тамыз айында LADA Granta жеңіл көліктерінің саудасы шілде айымен салыстырғанда 77%-ға және 2021 жылдың тамыз айындағы көрсеткіштен 131%-ға өсті. LADA NIVA Legend жеңіл көліктерінің сату көрсеткіші 2022 жылдың тамызында шілде айындағы нәтижелерден 3 есе (+185%) асып, 2021 жылдың тамызына қарағанда 17% жоғары болды. Сауданың жандануына Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігі іске қосқан және 2022 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істейтін жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы септігін тигізді. Қазір ведомство оны 2023 жылға ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатыр.
АвтоВАЗ директорлар кеңесі 2023 жылы 500 мыңға дейін автомобиль шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «АвтоВАЗ» АҚ президенті Максим Соколовтың айтуынша, санкциялық шектеулер мен құрамдастарды жеткізудегі қазіргі жағдайды есепке ала отырып, компания 2022 жылдың екінші жартысында 140 мыңға дейін жаңа көлік шығаруды жоспарлап қойған. Өндірісті тоқтатпай, нарықты жаңа қолжетімді көліктермен толтыру үшін Ресей және онымен достас елдердің жеткізушілерімен қажетті құрамдастарды тұрақты жеткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«АвтоВАЗ» тобы күн сайын тұрақты автомобиль өндірісін қамтамасыз ету үшін қолдан келгенін жасап жатыр. Сондай-ақ, біз өзіміздің көліктерімізді жиынтығына әдеттегі опцияларды қайтару бойынша үлкен жұмыс жүргіземіз. Атап айтқанда, Granta моделі қазір қауіпсіздік жастықтарымен, кондиционермен, мультимедиялық жүйемен жабдықталған. АвтоВАЗ елді қолжетімді заманауи автомобильдермен қамтамасыз ету жауапкершілігін толық түсінеді және біздің бүкіл команда LADA брендінің өндірісі мен дамуын арттыру үшін бар күшін салады», — деді «АвтоВАЗ» АҚ президенті Максим Соколов.
Егор Васильев, корреспондент
16.09.2022, 14:48