Меню CARMA.KZ

Алматыдағы автодром MotoGP әлем чемпионатын өткізетін трассалардың қатарына енді

Мотоцикл жарысының промоушені мен «Сокол» автодромы арасында бес жылға келісім жасалды.

Алматыдағы автодром MotoGP әлем чемпионатын өткізетін трассалардың қатарына енді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Алматыдағы автодром MotoGP әлем чемпионатын өткізетін трассалардың қатарына енді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Алматының «Сокол» автодромы 2023 жылдан бастап MotoGP әлем чемпионатының кемінде бір кезеңін өзінде өткізетін болады, деп хабарлайды MotoGP-дың ресми сайты.

«Қазақстанның ірі қаласы — Алматыға жақын орналасқан «Сокол» — Орталық Азияның кіндігінде жаңадан салынған моторспорт кешені болып табылады. Бұл аймақ MotoGP үшін жаңа пит-стопқа айналып, Қазақстан 1949 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байрақты мотожарысты қабылдайтын 30-шы ел, ал «Сокол» халықаралық автодромы жоғары санатты Гран-приді қабылдайтын 74-ші алаң болмақ», — делінеді MotoGP-тың мәлімдемесінде.

Жарыстың промоушені (мотожарыс бойынша әлем чемпионатын өткізуге коммерциялық құқық халықаралық Dorna Sports S.L. компаниясына тиесілі) қазақстандық тараппен бес жылға келісімшарт жасасты. «Сокол»-да алғашқы кезең 2023 жылы өтеді. Дей тұрғанмен жарысқа қатысушылардың Алматыға нақты қашан келетіні әзірге белгісіз, себебі MotoGP-2023 чемпионатының толық кестесі жасалмаған: тек оның алғашқы кезеңі 24-26 наурызда Португалияның Портиман қаласында өтетіні анық.

Мотоцикл жарысының Гран-Приі 2006 жылдан бері өзінің жаңа маусымын Катардағы кезеңнен бастап жүрді, алайда Катардағы «Лосаил» автодромында 2023 жылы Формула 1 қайта өткізіле бастайтыны белгілі болған соң трассаға күрделі жөндеу басталып кетті. Сондықтан мұнда алдағы көктемде мотожарыс өткізу мүмкін болмайды. MotoGP соңғы отыз жылдан бері Еуропада осымен үшінші рет қана бастау алғалы тұр. Ал биылғы маусымда жарыс кезеңдерін өткізетіндердің қатарына жаңа екі ел қосылды: оның бірі Қазақстан болса, екіншісі — Үндістан.

MotoGP-2022 кестесіне 20 жарыс кіргізілді. Бастапқыда оның саны 21 еді, алайда Финляндиядағы кезең «Кюмиринг» трассасының банкрот болуына байланысты өткізілмейтін болды. Бүгінгі таңда ең соңғы кезең 25 қыркүйекте Жапонияда өтті. Келесі кезең 2 қазанда Таиландта өтсе, 17 қазанда жарыс шабандоздары Аустралияға жол тартады. Одан кейінгі кезең 23 қазанда Малайзияда өтіп, 6 қарашада Валенсияда маусым тәмамдалмақшы. Жапониядағы Гран-Приде аустралиялық Жек Миллер «Дукати» мотоциклымен жеңімпаз атанды.

Айналма-тасжолда өтетін MotoGP әлем чемпионаты (FIM Road Racing World Championship Grand Prix) — айналма-тас жолдармен мотоцикл жарысы бойынша ең басты сайыс болып табылады. Қазіргі таңда чемпионат MotoGP, Moto2 және Moto3 болып үш санатқа бөлінген. Олардың үшеуінде де еркін саудада сатылмайтын және жалпыға ортақ жолдарда жүруге рұқсат етілмейтін арнайы мотоцикл прототиптері пайдаланылады.

Алматыда осы үш санаттың ішіндегі қозғалтқыш көлемі 1000 см³ мотоциклдар пайдаланылатын ең беделдісін өткізу жоспарланып отыр. MotoGP мотоциклдарының ең жеңіл салмағы цилиндрының санына байланысты 137-ден 163 килограм аралығында болады. Moto2 санаты — бұл төрттактілі санат, онда көлемі 600 см³ моторлар пайдаланылады. Moto3 санатында көлемі 250 см³ төрттактілі бір цилиндрлі қозғалтқыштарға ғана рұқсат етіледі.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
28.09.2022, 10:45