Yokohama Ресейдегі жұмысын жандандырды
Автомобиль дөңгелектерін шығаратын жапондық өндірушінің Липецкідегі зауыты биылғы наурыздан бері тоқтап тұрған еді.
Жапондық Yokohama компаниясы өзінің ресейлік шина зауытын қайта іске қосты. Зауыт «Липецк» ерекше экономикалық аймақта орналасқан, деп хабарлайды ресурс news.drom.ru.
Басылым 10 тамызда өндірістің қайта іске қосылғанын хабарлаған Липецк облысы губернаторы Игорь Артамоновтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап отыр. Сонымен қатар аймақ басшысының баспасөз қызметі зауыттың наурыздан бері тоқтап тұруының себебі «логистикадан туындаған қиындықтар» деп көрсетеді.
«Осы уақытқа дейін логистикадан туындаған қиындықтарға байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан «Йокохама Р.П.З.» компаниясы қызметін қайта бастады, каучук жеткізу жолға қойылды», — делінеді таратылған баспасөз баянында.
Жапондық өндірушінің Липецкідегі зауыты тоқтап тұрған бес айда жұмыскерлеріне еңбекақының 2/3 бөлігін төлеп отырды. Санкция енгізілгеннен кейін Ресейде өндірісін тоқтатқан жалғыз Yokohama компаниясы емес.
Наурыздың басында немістің Continental компаниясының Калуга облысындағы зауыты жұмысын уақытша тоқтатты. Аталмыш зауытта 1,3 мың адам еңбек етті. Сондай-ақ неміс компаниясы Ресейге өзінің өзге кәсіпорындарынан өнім жеткізуді де доғарған болатын. Алайда Калугадағы шина зауыты 1 тамыздан жұмысын қайта бастады.
«Континентал Калуга» зауыты 1 тамыздан жұмысын бастайды! <…> Логистикалық тізбекті қайта құрып, жаңа жеткізушілерді таба алдық», — деп келтіреді Калуга облысының губераторы Владимир Шапшаның сөзін ТАСС агенттігі.
«Континентал Калуга» ЖШҚ Continental, Gislaved және Matador брендтерінің жеңіл және жеңілжүк көліктеріне арналған қысқы және жазғы шиналарын шығарып келді.
Continental Калугадағы зауытына 240 млн еуро қаржы құйған, ол жылына 4 млн шина шығара алады. Ал француздың Michelin мен финдардың Nokian өндірушісі ресей нарығынан бәрібір кетуді ұйғарыпты. Michelin тобы Мәскеу маңындағы Давыдов шина зауытының жұмысын 15 наурызда тоқтатқан, ал маусымның соңында жұмысын қайта бастауға «логистикалық қиындықтар тұрғысынан» техникалық мүмкіндіміз жоқ деп мәлімдеген еді.
Michelin кететіндігін жариялағанымен, әзірге тек ресейлік активін қазіргі жергілікті менеджментке тапсыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Мәміле 2022 жылдың соңына дейін жасалуы мүмкін. Компания 250 млн еуродай қаржы жоғалтып отырғанын тілге тиек еткен жөн. Күні кешеге дейін Michelin компаниясының жалпы саудасының тек 2%-ы ғана ресей нарығына тиесілі болды. Ресейдегі штат саны 1000 адамды құрайды, оның 750-і Давыдовтағы зауытта еңбек етеді.
Nokian Tyres-тің жағдайы одан күрделірек. Ол ақпанда Всеволожскідегі зауыт жұмысын жалғастырып жатыр, оның жабылғаны туралы ақпар қате деп мәлімдеген. Алайда маусымда финдер Ресей нарығынан кететінін мәлімдеп, тамыздың басында Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко финдік Nokian Tyres зауыты жаңа брендпен шина шығаруға көшетінін мәлімдеді.
Кәсіпорын экспортқа байланыстыы қиындықтарды бастан кешіп жатқаны да айтылды. Өйткені шиналар Ленинград облысынан Ресейден шина тасуға тыйым салған АҚШ-қа, Канада мен Еуроодаққа жеткізіліп келді. Nokian зауыты 2005 жылдан бері жұмыс істейді, оның қуаттылығы жылына 15 млн шина шығаруға жетеді, өндірілген өнім көлемінің 70%-ына жуығын АҚШ, Канада мен Еуроодаққа экспорт құрады.
Егор Васильев, корреспондент
15.08.2022, 10:20