Меню CARMA.KZ

Volkswagen Еуропада жаңа автомобильдерге сұраныс төмендейді деп отыр

Инфляция мен энергия тасығыштар бағасының өсуі еуропалық тұтынушыны жаңа автомобиль сатып алу шығыстарын қысқартуға мәжбүрлеуде.

Volkswagen Еуропада жаңа автомобильдерге сұраныс төмендейді деп отыр / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Volkswagen Еуропада жаңа автомобильдерге сұраныс төмендейді деп отыр / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Volkswagen Financial Services директоры Фрэнк Фидлер Еуропада жаңа автомобильдерге сұраныс төмендейді деп отыр. Мұны ол тұтынушылардың шығыстарды үнемдеуімен байланыстырады, деп жазады Bloomberg.

Volkswagen-нің қаржыға жауапты мамандары екінші жартыжылдықта Еуропада сұраныстың құлдырауына байланысты 2022 жылдың қорытындысы бойынша кіріс төмендейді деп күтуде. Жаңа автомобиль сатып алудың төмендеуіне басты себептердің бірі — инфляция. Ол Еуроодақта биылғы сәуірдегі 7,4%-дан шілде айының қорытындысы бойынша 8,9%-ға дейін көтерілді. Энергия тасығыштарға бағаның өсуі инфляцияны туындатып, жыл басынан бері Еуропаның кейбір елдерінде екі есеге қымбаттап кеткен бензинді қажет ететін жаңа автомобильдерге сұранысты төмендетті.

Әсіресе Аустрия, (48,4%), Болгария (+44,5%) және Испанияда (+41,9%) сұйық отын бағасы шарықтап кетті. Еуропа орталық банкі де 21 шілдеде негізгі мөлшерлемені 50 базалық пунктке көтеріп, несиенің қымбаттауына себепкер болды. Сонымен қатар Украинадағы жағдайдың салдарынан логистикалық тізбектің үзіліп, жеткізу тізбегінде мәселе байқалып отыр. Бұған туындап келе жатқан экономикалық дағдарысты қосатын болсақ, Еуропада биылғы күзде жаңа автомобильге кез келгеннің қолы жетпейтін сыңайлы.

«Клиенттер түрлі қауіптерге байланысты, оның ішінде энергия тасығыштарға бағаның өсуі де бар, автомобиль сатып алу қажет пе әлде кейінге қоя тұру керек пе дегенді, тіпті жалдамалы көлікке қатысты да ойланып-толғанып жатыр», — деп келтіреді VW Financial Services басшысының сөзін Bloomberg.

Осыған орай, Volkswagen-нің қаржы бөлімі биыл компанияның табысы азаяды деп болжауда. Нақты есепті келтірмесе де, Фидлердің айтқаны неміс автоконцернінің сәуірде жариялаған стратегиясын растағандай. Ол бойынша, Volkswagen AG алдағы онжылдықта тұтынушылардың сұранысына ие ішкі жану қозғалтқышымен істейтін көліктердің ондаған моделін шығарудан бас тартпақшы. Олардың орнына маржасы әлдеқайда жоғары люкс сегментке жататын автомобиль өндірісін қолға алмақ.

Volkswagen-ның бұлыңғыр болжамы BMW-ның ең алдымен Еуропада жаңа автомобильдерге тапсырыс азаяды деген ескертпесінен кейін іле-шала пайда болды. Автомобильдерге қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттар да экономикалық соққы алып жатыр: немістің Continental компаниясы шикізатқа, энергия мен логистикаға 3,5 млрд еуро көлемінде қосымша шығыстар күтіп тұрғанын мәлімдеді. Continental-дың қаржы директоры Катя Дюррфельд кәсіпорын «дауылды кезеңде» жұмыс істеп жатыр деп сипаттады. Салаға жасалып жатқан қысым жақын арада азаймайды, өйткені экономистер Еуропада екінші жартылдықта рецессия болмай қоймайды деп санайды деді.

Еуропаның автоөнеркәсібі осы күнге дейін іскерлік белсенділіктің төмендеуін еңсеріп келді: автомобиль саудасы төмендеп жатқан тұста Mercedes-Benz, VW, BMW және басқа да автомобиль компанияларының табысы күрт өсті, өйткені олар өздерінің шектеулі өндірісін маржасы жоғары модельдерді шығаруға шоғырландырды. Арасында Stellantis пен Mercedes бар, кейбір өндірушілер мүлдем абыржып отырған жоқ, керісінше бұл стратегия оларға екінші жартыжылдықта да үлкен кіріс кіргізуге мүмкіндік береді дейді. Бірақ VW мен автомобиль өнеркәсібімен аралас өндірістердің соңғы мәлімдемесі олардың оптимизмін ұзаққа апармайтын сияқты.

Мәселен, Stellantis NV, Volkswagen AG және General Motors Co сияқты компанияларға қосалқы бөлшек жеткізетін Aptiv Plc тамыздың басында өзінің табысы мен пайдасына жасаған болжамын қысқартты. Компаниялар қысқамерзімдік қысымды жеңу үшін шығыстарын, яғни өндіріс көлемдерін қысқартуға мәжбүр болады деді өкілдері. Aptiv 2022 жылға арнап бұған дейін жасаған болжамын 17,75–18,15 млрд доллардан 17-17,3 млрд долларға дейін төмендетті. Aptiv Plc осының алдында Еуропада автомобиль өндірісі 10%-ға өседі деп күткен болса, биыл 5%-ға төмендейді деп болжап отыр.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
15.08.2022, 11:58