Меню CARMA.KZ

«UzAuto Motors» Chevrolet Nexia-ны шығаруды тоқтатады

Компания босаған қуаттарды Chevrolet-тің жаңа модельдерін шығаруға ауыстырады.

«UzAuto Motors» Chevrolet Nexia-ны шығаруды тоқтатады  / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
«UzAuto Motors» Chevrolet Nexia-ны шығаруды тоқтатады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

«UzAuto Motors» (Өзбекстан) 2022 жылдың соңына дейін Chevrolet Nexia мен Spark-ты шығаруды доғарады. Босаған қуаттарды Chevrolet-тің Tracker және Onix модельдерін шығаруға икемдейді.

«Қолда бар құрамдастар компанияға 2022 жыл ішінде аталған модельдердің (Nexia мен Spark) түрлі жиынтықтарын санаулы мөлшерде шығаруға мүмкіндік береді», — делінеді компанияның сайтында жарияланған хабарламасында.

Компаниядағылар Өзбекстанда дербес өндірістен шыққан автомобильдерге сұраныс жоғары екенін айтады. Сондықтан Chevrolet Spark пен Nexia-ның экспорттық көлемінің бір бөлігін ішкі нарыққа қалдырмақшы.

Бұл көліктердің экспорттық жиынтығы ішкі тұтынуға арналған модельден айырмашылығы сол — олар Euro 5 катализаторлы қозғалтқышымен, «ЭРА-ГЛОНАСС» жүйесімен және екі түсті шанақта ұсынылады.

Сонымен қатар ішкі нарыққа саудаға түсетін автомобильдің жарағында жиынтықталуына қарай күшейтілген қозғалтқыш, картерді қорғағыш, рульде тері қамтама, артқы шынысы көлеңкеленген, қосымша колонкалары, бүйірлік қауіпсіздік жастықтары мен механикалық беріліс қорабы болады.

Жаңа модельдерге келер болсақ, Chevrolet Tracker — 2013 жылдан бері шығарылып келе жатқан мини-кроссовер. Әлемде ол Chevrolet Trax деген атаумен таныс. Алайда орыстілділер үшін атауы ыңғайсыздау айтылатындықтан, бұрынғы кеңестік елдерде модель Tracker деп аталады. Бразилия нарығы үшін де осылайша өзгертілді. Себебі ол жақта есірткінің бір түрі «T-Rax» деп аталады.

Chevrolet Onix — шағын седан, 2012 жылдан бері Бразилияда жергілікті нарық үшін шығарылып келеді. Автомобиль екі түрлі нұсқада — 1-литрлік және 1,4 литрлік қозғалтқышпен сатылады.

Бұған дейін АҚШ-та өзбектің UzAuto компаниясы мен General Motors концерні арасында келіссөздер аяқталған болатын. Тараптар Өзбекстандағы 3 зауытта 2023 жылдан бастап жылына 500 мыңға дейін автомобиль шығаруға келісті. Өндіріс көлемінің ұлғаюы автомобильге түзілген кезекті азайтуы тиіс, алайда жаңа жобаның қашан іске асатынын ресми түрде әлі мәлімдеген жоқ.

General Motors Өзбекстанда шығарылмайтын басқарушы микросхемалар мен борт электроникасын іркіліссіз жеткізіп тұруды ұйымдастыратын болады.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
26.08.2022, 16:15