Меню CARMA.KZ

УАЗ Патриот Ресейде тез шіритін автомобиль болып шықты

Тоттануға қарсылығы өте төмен үш автомобильдің қалған екеуі қытайлық Lifan X60 пен өзбектің Daewoo Nexia-сы.

УАЗ Патриот Ресейде тез шіритін автомобиль болып шықты / Фото: allroader.ru
УАЗ Патриот Ресейде тез шіритін автомобиль болып шықты / Фото: allroader.ru

Daily-Motor.Ru порталының сарапшылары шанақ жөндеумен айналысатын шеберлерден жинаған ақпарат негізінде пайдалану кезінде металы мен құймалары өзгелерге қарағанда тез шіритін қайталама нарықтағы үш көлікті анықтады.

Шанақ жөндеушілердің пікірі бойынша, осы үштіктің ең басында «УАЗ Патриот» жол талғамайтын көлігі тұр екен: 2018 жылға дейін бұл машиналардың қай жерінде болсын жемірлікті көруге болатын. Компания америкалық технологияға және PPG компаниясының жаңа буын катафорез қабатқа көшкеннен кейін ғана, яғни метал электролиттік реакцияның көмегімен шынықтырылатын болған соң, кінәрат екі есе қысқарды, бірақ толықтай жойылып кеткен жоқ.

Жемірлігіне шағым ең көп айтылатын екінші көлік — қытайлық өндірістің өкілі Lifan X60 кроссовері. Ол ресей нарығы үшін Черкасскідегі Derways зауытында құрастырылып келді. Шанақ сервисі мамандарының айтуынша, Lifan X60-тың иелері пайдаланғанына екі жыл болмай жатып көліктің өне бойы дақтанып кететіндігіне жиі шағымданатын болған.

Тез шіритін көліктің үшіншісі — Өзбекстанда құрастырылатын Daewoo Nexia. Коррозияға қарсылығы төмен екендігі әу бастан-ақ белгілі болса да, бұл автомобиль 1996 жылдан 2016 жылға дейін өндірісте болды. Тіпті оған жасалған рестайлинг те нәтиже берген жоқ: оның мырышталмаған шанағы осы күнде де лезде тоттанып шыға келеді.

Ресейдің шанақ жөндеушілері «Нексия» иелерінің айналдырған екі жылдың ішінде тоттанатындығы соншалық, артқы аркаларды тесіп өткенін, есіктің төменгі жағы, кейбірі табалдырықтың мүлдем түсіп қалғанын айтып келеді дейді. Дей тұрғанмен тек қытайлық көліктердің ғана тоттануға қарсылығы төмен емес, ол сондай-ақ бұрынғы кеңестік аумақ елдерінде шығарылатын машиналарға да тән, тіпті жапон және неміс брендтерінің кейбірінен де табылады.

Мәселен, Mazda6-ның алғашқы буындары егер шанаққа күтім мен коррозияға қарсы қосымша қорғаныс жасамаса қысқа уақыттың ішінде шіритін болған. Әсіресе бұл модельде есіктердің, капоттың, дөңгелек аркаларының беті және еден тез шіриді. Ұсталардың айтуынша, ең сорақысы, егер Mazda 6 апатқа түсіп, шанаққа жөндеу жүретін болса – шанаққа қосымша қорғаныс жасалмаса машинаның жартысы бірнеше жылда шіріп, жоқ болады.

Қатты шіритін шетелдік көліктердің қатарында Mercedes E-Class W210 моделі де жүр. Оның дөңгелек аркалары, аспа күпшектері, шассиі, жүк салғышының қақпағы, капот, табалдырық пен есіктері шіруге бейіл. Opel Astra-ның екінші буында да осындай кінәрат бар. Оны әзірлеушілер шанақтың тоттануға қарсы қорғанысын берік етпегендіктен, мініп жүрген алғашқы жылында-ақ артқы дөңгелек аркалары, есіктер тоттанатын болса, кейін жүк салғыштың қақпағы, капот пен терезе жақтаулары, шанақтың қанаттары мен дәнекер тігістеріне көшетін болған.

Сондай-ақ коррозияға төзгісіз автомобильдердің қатарына ресейдің «сынық жөндеушілері» Ford Mondeo-ның үшінші буынын, 3-серия BMW E36, Hyundai i30 хэтчбегін, Nissan Almera, Hyundai Creta кроссовері мен ресейлік Lada Granta-ны да жатқызады.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
16.08.2022, 14:00