Меню CARMA.KZ

BYD Yangwang U9 Xtreme рекорд орнату кезінде апатқа ұшырады

Қытайдағы жабық сынақ трассасында BYD компаниясының Yangwang U9 Xtreme электромобилі ауыр апатқа ұшырады, бірақ пилот зардап шеккен жоқ

Қытайдағы жабық сынақ трассасында BYD компаниясының Yangwang U9 Xtreme электрлі гиперкары қатысқан елеулі апат болды. Жоғары жылдамдықпен жүріп келе жатқан көлік басқарудан шығып, айналып барып, бар екпінімен қорғаныс бөгетіне соғылды. Соққының қатты болғаны сонша, көлік темір-терсекке айналып, артқы осі шанақтан түгелдей үзіліп кетті.

Yangwang U9 Xtreme / BYD
Yangwang U9 Xtreme / BYD

Көлік қатты қирағанымен, пилоттың жолы болды: ол салоннан өз аяғымен шығып, ешқандай жарақат алмады. Оқиға кезекті әлемдік жылдамдық рекордын орнатуға дайындық қызған шақта болды. Осыған дейін Yangwang U9 Xtreme мамандарды таңғалдырып үлгерген еді: Германиядағы трассада сағатына 496,22 км жылдамдыққа жетіп, әлемдегі ең жылдам сериялық автокөлік мәртебесін растады. Оның қуатты электр қондырғысы 3000 ат күшін береді.

BYD инженерлері қарашада БАӘ-де өтетін ауқымды сынақ жүрісін жоспарлаған болатын. Онда гиперкарды сағатына 500 км жылдамдыққа дейін үдету көзделген еді. Енді соқтығысудан кейін рекордтық жүріске дайындық жалғаса ма, жоқ па — әзірге белгісіз.

Айдар Ахметов

Айдар Ахметов, журналист
09.11.2026, 15:57