Ресейде электрокарлардың үлесін 2030 жылға қарай 400 есеге ұлғайту көзделген
Қазіргі таңда Ресейде тіркелген электромобильдердің үлесі жеңіл машиналардың жалпы санының бар болғаны 0,04%-ын құрайды.
Ресейде алдағы жеті жыл ішінде жеңіл электрокарлардың нарықтағы санын 400 есеге көбейтіп, олардың үлесін тіркелген жеңіл автомобильдердің жалпы санының 15%-ына дейін жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Известия».
РФ өнеркәсіп және сауда министрлігінің құрған бұл жоспары өткен аптада Елдің автомобиль өнеркәсібін дамыту стратегиясы жобасында жария болды.
«Саудасы айтарлықтай қарқында өсетін жоғарыжерсіндірілген электрлі автомобиль түрлерін өмірге әкелу жоспарлануда (электрлі көлік құралдарының үлесін 2030 жылға қарай автомобиль нарығының заттай көрінісінің жиынтық көлемінен 15% шамасына жеткізе отырып, жылына 65-70%), — делінеді құжатта.
Айтпақшы, ресейлік автомобильдерге сұранысты ынталандыруға және жаңарту бағдарламасына 500-600 млр рубльдей қажет (қазіргі бағам бойынша 3,6 трлн-нан 4,5 трлн теңгеге дейін).
Осылайша, Ресейдің тіркелген жалпы жеңіл автопаркіндегі электрокарлардың үлесін 400 есеге ұлғайту көзделіп отыр: «АВТОСТАТ» агенттігінің дерегі бойынша, 2022 жылдың 1 шілдесінде РФ аумағында 18,7 мың электромобиль тіркеліпті, ол елдегі жеңіл машиналардың жалпы санының бар болғаны 0,04%-ын құрайды.
Бұған дейін Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрлігі жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының мерзімін ұзартуы мүмкін деп хабарланған еді. Бағдарлама 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін жұмыс істейді, бірақ ол 2023 жылғы федералдық бюджетте қарастырылатын ассигнация есебінен аталған мерзімнен кейін де жандануы мүмкін. Аталмыш бағдарламаға Липецкте шығарылған Evolute электромобиль маркасы қатысады. Оларға бүгінгі таңда автомобиль құнынан 35%, бірақ 925 мың рубльден (6,5 млн теңге) аспайтын жеңілдік бар.
Дей тұрғанмен, «АВТОСТАТ» агенттігінің жазуынша, Ресейде Evolute электромобильдерінің өндірісі биылғы қыркүйекте іске қосылып, алғашқы автомобильдер сол айда-ақ саудаға түспек. Дәл осы ресурс атап өткендей, Ресейде 2022 жылдың жеті айында жаңа электромобильдердің нарығы 37,5%-ға өскен, әйтсе де шілдеде аздап төмендепті: 2022 жылдың жетінші айында ресейліктер 137 жаңа электромобиль сатып алған, бұл былтырғы шілдемен салыстырғанда 29,7%-ға аз. Ресейдің салалық министрлігінің ақпараты бойынша, Ресейде алғашқы жартыжылдықта автомобильдерге жалпы ішкі сұраныс 55%-ға құлдыраған.
Ресейдің автоөнеркәсіпті дамыту стратегиясына қайта оралатын болсақ, жерсіндіру үшін автоөнеркәсіптегі басымдыққа ие құрамдастардың тізіміне ішкі жану қозғалтықтары (ІЖҚ), автоматты беріліс қорабы және ABS жүйесі енген.
Аталған шаралардың нәтижесінде Ресей Федерациясында автомобильдердің саудасы 2035 жылға қарай (түрлі қозғалтқыштағы жеңіл көліктер) 2 млн бірлікке дейін, ал өндірісі 2,1 млн бірлікке дейін өсуі тиісті. 2021 жылы Ресейде жаңа жеңіл автомобильдердің саудасы 1 млн 535,9 мың бірлікті, ал өндіріс 1,4 млн машинаны құрады.
Егор Васильев, корреспондент
22.08.2022, 13:40