Қытайда электромобильді салықсыз сатып алу режимі ұзарылды
Осының салдарынан 2023 жылы мемлекет қазынасы 14,6 млрд доллардан қағылады.
Қытайда электромобиль сатып алғанда әдеттегі машиналардан бір айырмашылығы оған 10% салық салынбайды. Бұл режим 2014 жылы күшіне еніп, осыған дейін 3 рет ұзартылды және 2022 жылдың соңында аяқталуы тиіс.
Қытай үкіметі бұл бастаманы 2023 жылдың соңына дейін ұзартпақшы. Демек мемлекеттің бюджетіне 14,6 млрд доллар (6,8 трлн теңге) салық түспей қалайын деп тұр, деп жазады Chinadaily.
Жергілікті сарапшылар егер электромобильдер нарығының қанат жаюын одан әрі ынталандырмайтын болса, онда бұл нарықта 2023 жылы аласапыран туындайды дейді. Мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде салықтық жеңілдіктердің сәтті іске асуының арқасында электромобильдер қытай нарығында бәсекеге қабілетті бола бастады. Қазір Қытай баламалы энергия көздерімен жүретін көліктерді пайдалану саны жағынан алда келеді.
Қытайдың жеңіл автомобильдер қауымдастындағылар 2022 жылдың соңына қарай елде осындай көлік түрі пайда болған кезден бері 6,5 млн электромобиль сатылатын болады деп болжам жасады. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2015 жылы көрсеткіш 2 есе аз еді.
Десек те Қытайда электромобильдер нарығы мемлекеттік қолдауды қажет етеді дегенмен келіспейтін сарапшылар да бар. UBS орталығының сарапшысы Пол Гонг баламалы энергия көздерімен жүретін көліктердің саудасына субсидия немесе салықтан босату ықпал ететіні сөзсіз, бірақ нарық қазіргі уақытта өз бетінше күн көре алады деп санайды.
Ол электромобильдер осыған дейін Қытайдың тек ірі қалаларында да ғана кездесетінін, бірақ оларға аймақтарда да сұраныс өсіп келеді деп атап өтті. UBS агенттігінің болжамы бойынша, 2023 жылы аталмыш көліктердің жалпы сауда көлемі осы уақытқа дейінгі кезеңді қоса есептегенде 7,3 млн-ға жетпек.
Қытай үкіметі елдің түкпір-түкпірінде қуаттау станцияларын салуға көп көңіл бөлу қажет. Қуаттау станцияларының көптігі дәл қазіргі сәтте электромобиль сатып алуға негізгі ынталандырушы болады деп отыр. Қытайдың жеңіл автомобильдер қауымдастығының дерегі бойынша, Аспанасты елі көлікті қуаттайтын бағаналардың саны бойынша әлемде онсыз да алдыңғы орында тұр. 2022 жылғы маусымның соңында олардың саны 3,9 млн дана болды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Яғни, бір қуаттау бағанасына 2,5 электромобильден келеді.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
25.08.2022, 12:27