Қытай немістің автомобиль нарығын жауламақшы
Қытайдың автомобиль өндірушілері Еуропаның жаңа энергия көздерімен жүретін автомобильдер сегментін толығымен бағындырғысы келеді.
Қытайдың chinadaily.com басылымы осы елдің автобиль өндірушілері биылдың соңына дейін өздерінің гибрид модельдерімен Германия нарығына шығуға әрекеттеніп жатқанын жазды.
Басылымның жазуынша, автомобиль өндіретін төрт кәсіпорын мен көлік құрамдастарын шығаратын 20 еншілес кәсіпорынның басын біріктіріп отырған қытайдың ірі жекеменшік Great Wall Motors компаниясы биылғы төртінші тоқсанда Германияға автомобиль жеткізе бастайтынын мәлімдеген. Автоөндірушінің айтуынша, оның бірі Wey қымбат бренді болса, екіншісі — Ora электрлі седаны.
«Біз Еуропада қымбат санат пен NEV (жаңа энергия көздерімен жүретін автомобильдер) нарығына өзгеріс жасайтын боламыз», — деп келтіреді Great Wall Motors өкілдерінің сөзін chinadaily.com басылымы.
Өткен аптада қытайлық автоконцерн Еуропадағы автодилерлердің ірі тобы саналатын Emil Frey-мен стратегиялық серіктестік орнатты. Great Wall Motors-тың еуропалық бөлімшесінің басшысы Мэн Сянцзюнь Emil Frey-мен жасалған мәмілені компанияның еуропа нарығына ашқан жолы деп мәлімдеді.
Emil Frey Group-тың басшыларының бірі Вольфганг Копплин «Ұлы қабырға» өнімдерінің техникалық жетілдірілуі мен сапасына 2020 жылы тәнті болғанын айтты. Екі компания арасында ынтымақтастық мүмкіндіктері сол кезде-ақ сөз болған.
«2021 жылы Мюнхендегі автосалонда GWM автомобильдері ең инновациялы және ең тартымды деп танылды», — деп атап өтті Копплин.
GWM еуропалық нарықты игеру жоспарын алғаш рет 2021 жылы Мюнхен көрмесінде жария етті. Корпорация сол кезде Мюнхенде еуропалық штаб-пәтерін де ашқан. Десек те Қытайда неміс нарығына шыққысы келетін жалғыз Great Wall ғана емес. Нью-Йоркте тіркелген, Nio электромобильдерін өндіретін стартап та алдымен Норвегия мен Венгрия, содан соң Германия нарықтарында бағын сынап көргісі келеді.
Қазіргі таңда Nio аккумуляторды ауыстыру станцияларымен қоса Еуропада компанияның түрлі өнімдерін шығаратын, қызмет көрсететін, әзірлеме жасайтын зауыт салуды ойлап отыр. Аккумуляторларды ауыстыру станциялары бос аккумулятор блоктарын толықтарына санаулы минутта ауыстыруға мүмкіндік береді. Бұл оларды қуаттаудан да тез атқарылатын шаруа. Ал Nio-ның инфрақұрылым салуда тәжірибесі мол – компания Қытайда 1000 аса осындай станция салды.
Қытайдың жеңіл автомобильдер қауымдастығының бас директоры Цуй Дуншудың айтуынша, шетелдік нарықтарда қытай өндірісінен шыққан электробильдерге сұраныс артып келеді, және өндірушілер автомобильдерге сатылғаннан кейінгі қызмет көрсету желілерін кеңейтсе бұл автомобильдердің танымалдығы арта түспек. Немістің Schmidt Automotive Research компаниясының деректеріне сүйенсек, Батыс Еуропада 2021 жылы сатылған 1,2 млн электромобильдің 16%-ы Қытайдан импортталыпты. Еуропада электромобиль сататын қытай брендтерінің саны биыл оннан асуы мүмкін.
Немістің «бұқаралық автомобильдерін» жасылдандырмақшы болған Герберт Дисспен бірге қызметтен кеткен Стефан Велленштайн Volkswagen Group China-ның басшысы ретіндегі өткен айда берген соңғы сұхбатында жақын 10-20 жылда автомобиль өнеркәсібінде, бәрінен бұрын NEV сегментте Қытайға тең келер ешкім болмайды деп болжады. Оның пікірінше, ішкі жану қозғалтқышты көліктердің небір түрін дүниеге әкелген Еуропа электрокар дәуірінде Қытайға жол бере бастады.
Қытай ішкі жану қозғалтқышымен жүретін автомобильдер сегментінде де көш басында тұр. 2022 жылдың қаңтар-шілдесінде Қытай 1,51 млн көлік экспорттаған. Оған қоса Қытайдың ішкі нарығы сатылған электрокарлар бойынша да алда келеді. Әлем бойынша саудаланған 6,8 млн электромобильдің 3,52 млн-ы Қытайда сатылған. Одан кейін АҚШ пен Германия тұр — оларда сәйкесінше 631,2 және 695,7 мыңы сатылған.
Егор Васильев, корреспондент
18.08.2022, 14:15