Меню CARMA.KZ

Қазақстанда отын тапшылығын тудырмас үшін МӨЗ-дердің жөндеу мерзімін қайта қарайды

Сонымен қатар зауыттардың жүктемесін арттыру мүмкіндігін қарастырады.

Қазақстанда отын тапшылығын тудырмас үшін МӨЗ-дердің жөндеу мерзімін қайта қарайды / Фото: «ҚазМұнайГаз» АҚ
Қазақстанда отын тапшылығын тудырмас үшін МӨЗ-дердің жөндеу мерзімін қайта қарайды / Фото: «ҚазМұнайГаз» АҚ

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда отын тапшылығына жол бермеудің шаралары туралы айтып берді. Министрлік МӨЗ-дердің жоспарлы жөндеуге тұру мерзімдерін қайта қарамақшы.

«Қазіргі таңда отандық МӨЗ-дерді оңтайландыру және жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарының мерзімін ауыстыруды қарастырып жатырмыз», — деп мәлімдеді Үкіметтің отырысында Болат Ақшолақов.

Ол Қазақстанда «дизельге шектен тыс сұраныс» байқалып отырғанын атап өтті. Сондықтан энергетика министрлігі алдыңғы кезекте ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін және ЖҚС-тарды дизельмен қамтамасыз етуді көздейді, содан кейінгі кезекте — өнеркәсіп кәсіпорындары мен ҚТЖ тұр. Отын жетіспеген жағдайда дизель өзге елдерден сатып алынатынын айтты.

2022 жылдың шілдесінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне 106,6 мың тонна дизель жөнелтілген. Тамызда тағы 160,7 мың тонна жөнелту жоспарда бар, ал қыркүйекте қосымша 123,6 мың тона дизель отыны жөнелтіледі.

«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін күзгі-алқап жұмыстарын жүргізуге белгіленген баға тоннасына 222 мың теңгені құрайды (литріне 184 теңге). АШТӨ үшін барлық жоспарларған көлемдер толық орындалды. Аталған көлемдерді негізгі жеткізушілер «ҚМГ» ҰК» АҚ мен «Петросан» болып табылады», — деп мәлімдеді министр.

Ол экономиканы монополиядан арылту аясында «ҚМГ» ҰК» АҚ «Петросан» ЖШС-ның қатысушы құрамына жеке инвесторлардың орнына кіргенін айтты. Қазір күзгі алқап жұмыстарын жүргізуге отынмен қамту мәселесі энергетика министрлігі мен ҚМГ-ның бақылауында деп айтты.

Министрлік қазірдің өзінде шаруаларға дизель отынын үздіксіз жеткізу жөнінде әкімдіктермен және ЖҚС желілерімен келіссөз жүргізіп қойды.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
16.08.2022, 16:14