Меню CARMA.KZ

Қазақстанда автомобиль өндірісі өсіп келеді

Алғашқы жартыжылдықта 47 мыңға жуық жеңіл автомобиль конвейерден түсірілді.

Қазақстанда автомобиль өндірісі өсіп келеді / Фото: pm.kz
Қазақстанда автомобиль өндірісі өсіп келеді / Фото: pm.kz

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2022 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында отандық кәсіпорындар 47 мың жеңіл автомобиль өндірген. Олардың 30 мыңы Қостанай облысында, 17 мыңға жуығы Алматыда шығарылды.

Салыстырар болсақ, 2021 жылдың дәл осындай кезеңінде конвейерден 35,6 мың жеңіл автомобиль шықты. Осылайша, 2022 жылдың қаңтар-маусымында өндірістік көрсеткіштер 11%-ға өсті.

Сондай-ақ Қазақстанда шығарылған автобустар мен шағын автобустар саны да өсті — 2022 жылдың қаңтар-маусымында 611 бірлігі шығарылған. Былтырғы дәл осындай кезеңде 537 бірлік автобус шығарылған еді.

Есесіне жүк көліктерінің өндірісі аздап төмендеді. Биыл егер конвейерден 3,9 мыңы шыққан болса, былтыр 4,3 мың шыққан болатын. Олардың басым көпшілігі Абай және Қостанай облыстарында өндірілді (сәйкесінше 1,16 және 1,94 мың).

Ауылшаруашылығы техникасына келер болсақ, 2022 жылдың алғашқы жартжылдығында 2,14 мың трактор мен 358 комбайн шығарылды. Былтырғы осындай кезеңде көрсеткіштер біршама жоғары болған — 2,24 мың трактор мен 472 комбайн.

Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының деректері бойынша жаңа жеңіл автомобильдердің саудасы 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында аздап төмендегені байқалды. Осы кезеңде дилерлер жеңіл автомобиль, коммерциялық техника, жүк көліктері мен автобустарды қоса алғанда 51,8 мың автомобиль сатқан.

Сарапшылар саудадағы төмендеуді жартылай өткізгіштердің тапшылығы, логистикалық тізбектің бұзылуы, Шығыс Еуропадағы шиеленіс, «рубль-теңге» жұбындағы бағамның көтерілуі және Ресейден жеткізулердің қысқаруымен байланыстырады.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
15.08.2022, 15:52