Қазақстанда автокөлікті сақтандыру 2024 жылы қалай өзгереді
2024 жылдың басынан «Еурохаттама» енгізілмекші.
«Еурохаттама» сақтандыру төлемдерін алу тәртібін жеңілдетеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіндегілер (ҚНРДА) жаңа тәртіп полицияның қатысуынсыз және сотқа жүгінбей, сондай-ақ сома 100 АЕК-тен (306 300 теңге) аспаған жағдайда мобильдік қосымшаның көмегімен сақтандыру төлемін алу үшін құжат рәсімдеуге мүмкіндік береді деп отыр.
Сақтандыру төлемін оңай тәртіпте алу үшін орын алған ЖКО бірқатар талаптарға сәйкес келуі тиіс, атап айтқанда, егер:
- ЖКО екі көлік құралының соқтығысуы салдарынан орын алса;
- ЖКО салдарынан залал тек ЖКО тап болған көлік құралдарына ғана келген болса (өмірі мен денсаулығына зиян келген зардап шегушілер болмаған, үшінші тұлғалардың мүлкі бүлінбеген жағдайларда);
- ЖКО-ның екі қатысушысының сақтандыру полисі болса;
- ЖКО-ға себепкер кім деген сұрақта ЖКО қатысушыларының пікір қайшылығы болмаса;
- ЖКО сот шешімінсіз және ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуынсыз рәсімделеді;
- Сақтандыру төлемі бір сақтандыру оқиғасы бойынша 100 АЕК көлемінде төленеді.
Бүгінде мұндай рәсімдеу тәртібі Еуропаның көптеген елінде және бұрынғы кеңестік елдер ішінде Ресей, Беларусь, Украина және Армения, Өзбекстанда қолданылады. Айта кету керек, ол жақтарда «Еурохаттама» аясында жүк автомобилі 2 көлік құралы болып есептеледі. Яғни, басқа бір көлікпен соқтығысқан жүк көліктерінің жүргізушілері жеңілдетілген тәртіпті пайдалана алмайды.
«Бүгінгі таңда жолдарда адам зардап шекпеген және ЖКО қатысушылары болып табылмайтын тұлғалардың мүлкіне зақым келмеген болмашы ЖКО көп орын алып жатады. Олардың барлығында ЖКО қатысушылары сақтандыру төлемін алу үшін жол полициясы қызметкерінің келуін күтеді, содан соң хаттама толтырып, соттың шешімін тосады. Көп жағдайда бұл процесс екі айға дейін созылады», — деп мәлімдеді агенттіктегілер.
Сондай-ақ 2024 жылдың басына қарай автокөлікті сақтандыру шарасын толықтай цифрландыру көзделіп отыр.
Жаңа тәртіп енгізілген соң клиентке сақтандыру төлемін алу үшін сақтандыру компаниясының кеңсесіне барудың қажеті жоқ, ол өтініш беруді және туындаған мәселені онлайн шеше алады. Автокөлікті сақтандырудың процестері Мәліметтердің біріңғай сақтандыру базасында тіркеледі.
«Қазірдің өзінде қашықтан отырып-ақ автокөлікті сақтандыру шартын жасап жүрміз. Бізге көлік иесі мен көліктің деректерін толтырудың қажеті жоқ, Сақтандыру мәліметтерінің бірыңғай базасы оларды Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік мәліметтер базасымен интеграциялану арқылы ала алады. Бұл автокөлікті сақтандыру шартында клиент толтыруы тиіс ақпарат көлемін айтарлықтай азайтады», — деді ҚНРДА сақтандыру нарығын дамыту басқармасының бастығы Сағи Әжібек.
Оның айтуынша, қазір сақтандыру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арасында интеграция жүргізіліп жатыр, Сақтандыру мәліметтерінің бірыңғай базасының қызметтері жетілдіріліп, мобильдік қосымшаны әзірлеу үстінде.
Бұған дейін агенттіктегілер Қазақстанда қолданыста жүрген автокөлікті сақтандыру тарифтері 2007 жылы заңмен бекітіліп, сол уақыттан бері жаңартылмағанын айтады. Бұдан былай тарифтер өңірлердің нақты шығындылығы ескеріліп жыл сайын қайта қаралып отырады. Яғни, шығындылығы төмен өңірлерде автокөлікті міндетті сақтандыру тарифтері төмендетіледі деді.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
16.08.2022, 13:09