Меню CARMA.KZ

Қазақстанда автобус парктерінде электробустардың болуына ынталандырмақшы

Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қалаішілік және қаламаңы бағдарлары бойынша тасымалдаушыларды айқындау тәртібіне өзгерістер енгізбекші.

Қазақстанда автобус парктерінде электробустардың болуына ынталандырмақшы / Фото: kolesa.kz
Қазақстанда автобус парктерінде электробустардың болуына ынталандырмақшы / Фото: kolesa.kz

Бұдан былай, әкімдіктер тиісті байқауды өткізетін кезде паркте электрлі қозғалтқышпен жұмыс істейтін автобустың болуын назарға алатын болады.

Байқау ұсыныстарын бағалаудың ұсынылып отырған жаңа шкаласына сәйкес әрбір электробус үшін үміткерлерге 5 балдан қосылады.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың 1 маусымындағы есеп бойынша Қазақстанда электрлі қозғалтқышпен жұмыс істейтін барлығы 7 автобус бар және олардың барлығы Алматыда жүр.

Алайда одан өзге 3,5 мың гибрид автобус бар болса, 2,1 мың автобустың қандай отын түрімен жұмыс істейтіні көрсетілмеген.

Сондай-ақ көлік құралдарын сақтау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін өндірістік-техникалық базаның болуына қатысты талаптарға өзгерістер енгізу көзделуде. Қазіргі талап бойынша олар бағдарлар ұйымдастырылатын қала аумағында болуы тиіс. Бұдан былай базаны қаламаңы аумағында (50 шақырым радиуста) болуына рұқсат етуді қарастырып жатыр.

Министрліктегілер бұл жағдайға Алматы қаласының тасымалдаушыларын мысал етті. Олардың көпшілігінің жөндеу базасы облыстың аумағында орналасқан. Демек олар оңтүстік астанада қалаішілік бағдарларды ұйымдастыру талаптарына сәйкес келмейді.

Сонымен қатар ИИДМ жолаушыларды тасымалдау ережесінен мінгізу және түсіру тәртібін алып тастауды ұсынып отыр. Қазір автобусқа мінгізу мен түсірудің ережесі келесідей:

  • шағын автобустарда жолаушыларды алдымен түсіреді, содан соң мінгізеді;
  • 2 есігі бар автобустарда жолаушылар екі есіктен түсіріліп, артқы есіктен мінгізіледі;
  • 3 немесе одан да көп есігі бар автобустарда жолаушылар барлық есіктерден түсіріліп, алдыңғы есіктен өзгелерінен мінгізіледі.

Министрліктегілер бұл талапты бақылауда ұстау мүмкін емес екенін айтады. Оның үстіне тәжірибеде жолаушылар автобустың барлық есіктерінен мінгізіліп, түсіріледі.

Бұған дейін автобус парктерінің өкілдері қаржының жетіспеушіліге байланысты көлік құралдарының техникалық жағдайы нашарлығын мәселе етіп көтерген болатын. Бұл рейстердің тұрақты орындалуына кері әсерін тигізеді.

Белгілі болғандай, әлеуметтік маңызды бағдарлар үшін автобус парктеріне бөлінген мемлекеттік субсидиялардың 80%-ы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бөлінеді. 2021 жылы әкімдіктер 93 млрд теңге бөлген, бұл 2020 жылға қарағанда 75%-ға және 2019 жылғы қаржыландырудан 5 есе көп. Ал 2022 жылға 102 млрд теңге қарастырылған.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
17.08.2022, 13:38