Қазақстанда 2 аптаға жететін отын қоры қалды
Энергетика министрлігі мұнай базаларында қанша бензин мен дизель бары туралы есеп берді.
Қазақстандағы мұнай базалары мен ЖҚС-тарға барар жолдағы АИ-92 бензинінің қоры 180 мың тонна — 2 аптаға жетеді. Дизельге келетін болсақ, ол — 220,8 мың тонна — 13 күнге жетеді.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың сөзінше, отандық ЖҚС-тарда АИ-92 бензинінің саудасын шектеу фактілері байқалып отырған жоқ, ал дизель талонмен және картамен сатылып жатыр, оған лимит белгіленген.
«МӨЗ-дерден мұнай өнімдерін тиеу тұрақсыз жүргізілуде, бос вагон-цистерналар жеткілікті мөлшерде ұсынылып жатқан жоқ, вагондардың түпкілікті пунктіне дейін бару уақыты созылып кетіп жатыр», — деп мәлімдеді министр Үкіметтің отырысында.
Оның айтуынша, қазір отынды ЖҚС-тарға жеткізудің тұрақты тізбегін пысықтау қажет.
CARMA.KZ редакциясы Оңтүстік Қазақстанның Жағармай құю станциялары қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаровпен әңгімелескен болатын. Оның айтуынша, дизельге аталған дифференциалды тариф — бизнестің ісіне тікелей араласу. Оған қоса тапшылық ЖҚС-тарда емес, елден тысқарыға отын таситын делдалдарға дизель сататын көтерме сатушыларда туындайтынын айтады.
«Яғни біздің мұнай базаларымызда отынның белгілі бір көлемі бар. Теориялық тұрғыдан ол ішкі сұранысқа жететін еді. Бірақ отынды үлкен көлемде сатып алып, оны көлеңкелі нарыққа шығаратын кейбір делдалдар бар. Сондықтан жағармай станцияларына қалған көлем жетпей қалады», — деп түсіндірді Қайыпбек Қамбаров CARMA.KZ редакциясына.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда отын тапшылығының туындауына жол бермеу үшін дизельге дифференциалды тариф енгізілді. Қазір оның литрі 450 теңге тұрады. Жеңіл автомобильдердің иелері өздерінің жүргізуші куәлігін көрсетсе, әр өңірге қарай тәулігіне100 литр отынды 230-260 теңгеден сатып ала алады. Ал жүк көліктеріне тәулігіне 300 литр лимит қойылған.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
23.08.2022, 16:38