Меню CARMA.KZ

Москвич зауытына 5 млрд рубль инвестиция құяды

Мәскеу билігі мен «КамАЗ» ЖАҚ бұрынғы Ленин комсомолы атындағы автомобиль зауытына жарғылық капиталдағы өздерінің үлестеріне сай — 50%-дан қаржы құятын болды.

Москвич зауытына 5 млрд рубль инвестиция құяды / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Москвич зауытына 5 млрд рубль инвестиция құяды / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Мәскеу билігі мен «КамАЗ» ЖАҚ-тың бас директоры Сергей Когогин Москвич автомобиль зауытына 5 млрд рубль инвестиция құюға келісті, деп жазады kommersant.ru сайты.

Биылғы шілденің басында Мәскеу мэрі Сергей Собянин мен КамАЗ-дың бас директоры Сергей Когогин «Жеңіл автомобиль көлігін дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге» қол қойды. Биылғы мамырда француздың Renault компаниясы зауытты Мәскеу билігіне тапсырғаннан кейін оның жұмысын қалпына келтіру бағдарламасы басталып кетті. Сейсенбі, 2 тамызда Мәскеу зауытына құйылатын инвестицияның көлемі жария етілді.

«Тараптар келісімшарт жасалған күннен бастап 60 күнтізбелік күн ішінде қоғамды (Мәскеулік Москвич автомобиль зауыты) желілер мен құрамдастарды жерсіндіруге және өндірістік қуаттылықтарды бейіндеуге инвестия құю үшін қоғамның жарғылық капиталындағы әр акционердің қатысу үлесіне тең үлеспен 5 млрд рубль сомасына қаржыландыруға келісті», — деп келтірді Мәскеу мэрінің сайтындағы жарияланған келісімді kommersant.ru

Құжатқа сәйкес тараптардың әрқайсысы мәскеулік зауыт акцияларын 50%-дан еншілеп отыр, десе де зауытта автомобиль шығаруды коммерциялық техника, жүк көліктері мен автобустар шығарумен айналысатын КАМАЗ компаниясының көмегімен жолға қоюды көздейді. Естеріңізге сала кетейік, 2005 жылы Мәскеуде Logan моделін жинауды жолға қойған Renault жергілікті құрамдастардан бас тартып, автомобильдерді шетелдік қосалқы бөлшектерден ғана құрастырды. Сол себептен де ендігі жерде автомобиль шығаруды нөлден бастауға тура келмек.

Москвичтің модельдер қатарын дамытуға арналған автомобильдің ресейлік сәйкестендірілген тұғырнамасын жасау жөніндегі жол картасы әзір екенін осыған дейін мәлімдеген болатын. Жылдың соңына дейін 600 автомобиль шығару көзделген. Оның 200-іне электрлі қозғалтқыш орнатылады. Кәсіпорында 2023 жылға қарай кемінде 50 мың, ал 2024 жылы 100 мың машина құрастыруды жоспарлап отыр. Зауыт дәнекерлеу және шанақты бояудың толық циклға 2024 жылы көшеді.

Осыған дейін Росстат 2022 жылдың алты айында ресейлік конвейерлерден 281 мың жеңіл автомобиль шыққанын хабарлады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 61,8%-ға төмен. Сарапшылар мұны Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан соң бірқатар шетелдік автобрендтердің Ресей аумағынан кетуі және ресейге қарсы санкциялар мен шектеулермен байланыстырады.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
03.08.2022, 09:07