Мәскеуде көлік құрамдастарын шығаратын зауыт ашылды
Кәсіпорын АвтоВАЗ бен «Москвич» автомобиль зауытының өндірістік қуаттарын жасақтаушы бөлшектермен қамтамасыз етеді.
Мәскеуде ішкі өндіріске арналған көлік құрамдастарын шығаратын жаңа зауыт ашылды, деп хабарлайды Ресей астанасы әкімшілігінің сайты.
Зауыт Батыс Бирюлев ауданында орын тепкен, аталмыш өндірістік кешенге аумағы 36,6 мың шаршы метрді құрайтын жерді жергілікті билік ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру аясында тегін ұсынды. Жобаны автомобильдерге, оның ішінде шетелдік өндіріске арналған жасақтаушылар әзірлеуге маманданған «Альфа Автоматив Техноложис» ресей-жапон бірлескен компаниясы жүзеге асырады.
Мәскеу әкімшілігінің деректері бойынша, жаңа нысанның құрылысына 2,9 млрд рубльден (қазіргі бағаммен 23,1 млрд теңге) астам инвестиция құйылған. Компанияның өндірістік қуаты мен инженерлік біліктіліктері жылына 250 мыңнан астам жеңіл автомобиль жиынтығына 150-ден артық штампталған бөлшек шығаруға мүмкіндік береді.
«Бұл Ресей аумағында шетелдік автоөндірушілердің өнімін көбірек жерсіндіруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар аталған жобаны қалада іске асырудың арқасында заманауи өндіріс пен 330 жұмыс орны сақталады», — деген Мәскеу мэрінің экономикалық саясат және мүлік-жер қатынастары мәселелері жөніндегі орынбасары Владимир Ефимовтың сөзін келтірді сайт.
Кәсіпорын «АвтоВАЗ» акционерлік қоғам үшін бөлшектер шығаратын басты өндіруші екені және ол «Москвич» жаңа зауытының маңызды серіктесі бола алатыны атап көрсетілген. Естеріңізге сала кетейік, екі кәсіпорында да бұған дейін француздың Renault компаниясы үлестес болып келді. Бірақ биылғы мамырда ол «АвтоВАЗ»-дағы үлесінен бас тартып, мәскеулік зауытты (бұрынғы АЗЛК) бас қаланың билігіне табыстады.
Осыдан соң жергілікті билік пен «КамАЗ» ЖАҚ бірлесіп мәскеулік автомобиль зауытына 5 млрд рубль инвестиция құятынын мәлімдеді. болжам бойынша, биылғы жылдың соңына дейін онда 600 автомобиль шығарылмақ, оның 200-і электрлі қозғалтқыштармен жабдықталады. Кәсіпорында 2023 жылы кемінде — 50 мың, ал 2024 жылы 100 мың автомобиль құрастыруды жоспарлап отыр. Алайда өндірісті жерсіндіруге қатысты шешілмей тұрған мәселені Мәскеу әкімшілігі осылайша «Альфа Автоматив Техноложиз»-тың көмегімен оңғарғалы отыр.
«Біз жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңіне — жер учаскесін таңдаудан бастап нысанды пайдалануға қосқанға дейін қолдау жасадық. Мәскеу үкіметі «Альфа Автоматив Техноложиз»-ке салық жеңілдіктерін алатын инвестициялық басым жоба мәртебесін берді. Мысалы, мұндай нысандарға салық жүктемесі 25%-ға дейін төмендетіледі, ал табыс салығы 17%-дың орнына 13,5%-ды құрайды, мүлік салығынан босатылады, жалға алудың төлемінің мөлшерлемесі — есептелген соманың 1%-нан да төмен», — деді Мәскеудің инвестициялық және өнеркәсіптік департаментінің басшысы Владислав Овчинский.
Сайтта көрсетілгендей, РФ инвестициялық басым жоба мәртебесін өнеркәсіптік өндірісті, кешендерді, технопарктерді, индустриалдық парктерді құру және жаңғырту, білім беру, мәдениет, өнер және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету салаларында нысандарды салу жөніндегі бағдарламалар иеленеді. Сондай-ақ бұл мәртебені инвесторлардың қаржысына нысандарды құру және қайта құру туралы келісімдер мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімдер бойынша жүзеге асырылатын жобаларға береді.
Аталмыш мәртебе 10 жылға беріледі және оны жыл сайын растап отыру қажет. Алайда наурыздың соңында ресей астанасының мэрі Сергей Собянин 2022 жылы барлық арнайы мәртебелерді автоматты түрде ұзартуды да қарастыратын дағдарысқа қарсы бизнесті қолдаудың шараларын бекітті. Осылайша, «Альфа Автоматив Техноложис» ЖШҚ өзінің жеңілдіктерін ешқандай міндетті растаусыз сақтай алады.
Егор Васильев, корреспондент
25.08.2022, 16:18