Меню CARMA.KZ

Көкшетауда D санатты алудың қиындығынан автобус жүргізушілері тапшы

Тасымалдаушылар тиісті санатты алу ережесін қайта қарауды сұрайды.

Көкшетауда D санатты алудың қиындығынан автобус жүргізушілері тапшы / Фото: aqmolanews.kz
Көкшетауда D санатты алудың қиындығынан автобус жүргізушілері тапшы / Фото: aqmolanews.kz

Ақмола облысының автобус парктері салада маман тапшы екенін мәселе етіп көтерді. «Көкшетау автобус паркі» ЖШС президенті Әсия Шаримованың айтуынша, бұған автобусқа жүргізуші болуға рұқсат ететін D санатын алудың күрделілігі себеп.

2015 жылы жүргізуші құқығын алудың жаңа ережелері күшіне енген болатын. Қоғамдық көлікке жүргізуші болғысы келетін үміткердің жасы 25-тен асқан, D санаты және кемінде 5 жыл жүргізушілік (D1 — 3 жылдан кем емес) өтілі болуы шарт.

D1 ішкі санаты сыйымдылығы 16 адамдық көлікті (минивендер, шағын автобустар) жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнан кейін D санатын алу үшін тағы бірнеше жыл жұмыс істеуі қажет. Тек осыдан соң ғана автобус жүргізушісі бола алады.

«Бірақ шағын автобустардың иелері жүргізуші жалдамайды, өздері жүргізгенді қалайды. Яғни D санатын барлығы бірдей ала алмайды. Көпшілігі оның соңында салпақтап жүргісі келмейді, оларға жүк көлігінің жүргізушісі болған жеңілдірек. Ал бүгінде қоғамдық көлікті есейген жүргізушілер жүргізіп жүр. Жоғары аталған талаптарды жеңілдету үшін жол қозғалысы және автокөлік туралы заңдарға өзгерістер енгізу қажет», — дейді Әсия Шаримова.

Сарапшылар тапшылықтың тағы бір себебі жүргізушілердің жалақысының төмендігі деп атайды. Қазір ол орташа алғанда айына салықты қоса алғанда 310 мың теңгені құрайды. Автобус парктері қаржылық мәселелерге байланысты еңбекақыны көтере алмай отыр.

Мемлекет тарапынан қарастырылған субсидияға қарамастан тасымалдаушылар шығынға жұмыс істеуде. Жолақысы картамен — 80 теңге, қолма-қол ақшамен 150 теңгені құрайды. Ал нақты жолақы құны бағдарға байланысты 140 теңгеден 300 теңгенің аралығында.

«Атамекен» КҰП деректері бойынша, Көкшетауда 80 жүргізуші жетіспейді. Мысалы, «Көкшетау автобус паркінің» иелігінде 74 автобус бар. оның 20-сы маман жетіспегендіктен қаңтарулы тұр.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
11.08.2022, 15:00