Hyundai Германияға сутегімен жүретін жүк көліктерін жеткізеді
Германияға сутекті қозғалтқышпен жұмыс істейтін 42-тонналық XCIENT жүк көліктері келеді.
Hyundai сутекті қозғалтқышпен жұмыс істейтін 27 жүк көлігін жеткізу жөнінде келісімге қол қойды. Компания немістің жеті логистикалық компаниясына 42-тонналық XCIENT-терді жеткізетін болды.
Hyundai әлемде сутекті қозғалтқышпен жұмыс істейтін жүк көліктерін жаппай шығаруды алғашқы болып бастады. 2021 жылдың басында компания Гуанчжоуда сутекті отын жүйесін шығаратын зауыт салуды бастағанын жариялаған еді.
«Германия Еуропадағы коммерциялық автомобильдердің ірі нарығы болып табылады. Біз Францияда, Аустрияда және басқа да еуропа елдерінде де клиенттік базамызды кеңейтеміз деген үміттеміз», – деп мәлімдеді Hyundai.
Германияда компанияларға экологиялық таза энергиямен жұмыс істейтін автомобильдерді сатып алуға мемлекеттік субсидия қарастырылған, деп жазады Chosunilbo.
Hyundai Еуропада Германиядан өзге де елдерге сутекті автомобильдер жеткізіп тұрады. 2020 жылдан бастап Швейцарияға 47 XCIENT автомобилін сатты. Бұл келісімге 2018 жылы қол қойылып қойған еді. Hyundai 2023 жылдың соңына дейін Швейцарияға сутекті қозғалтқышпен жұмыс істейтін мыңдаған жүк көлігін жеткізеді.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
04.08.2022, 15:23