Geely Қытайдан тыс елдерде жарты жылда 88 мың көлік сатты
2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында Geely автомобильдерінің экспорты 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64%-ға өсті.
2022 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Geely экспорт бойынша өзінің рекордын жаңартты. Компаниядағылар шетелде сатылған автомобильдер компанияның жалпы саудалағандарының 20%-ын құрайтын болады деп жоспарлап отыр. Сонымен қатар компанияның Lynk & Co қымбат суббренді 11 мыңдай машина сатты. Бұл былтырғы қаңтар-маусымдағыдан 40 есе көп.
Geely еуропа нарығына 2020 жылдың соңында шыққан еді. Сол кезде компания Lynk & Co 01 жол талғамайтын көлігін таныстыру үшін бірнеше көрме залын ашты, деп жазады Chinadaily.
Былтырғы қарашада Geely тынықмұхит және таяушығыс нарықтарына шығатынын мәлімдеді. Алғашқы ел Кувейт болмақ. Онда қытай компаниясы жергілікті Al Zayani компаниясымен бірлесіп жол талғамайтын көлік түрін таныстырмақшы.
Lynk & Co басшылығы жақында БАӘ, Израиль, Сауд Арабиясы және Суданда өз автомобильдерін саудалай бастағанын мәлімдеді. Одан кейінгі кезекте Ресей, Аустралия және Жаңа Зеландия нарықтары тұр.
Geely-дің тағы бір суббренді — Geometry тек электромобиль шығарумен айналысады және бүгінде Израиль нарығының 21,7%-ын еншілеп отыр.
Geely Қытай нарығынан асып кеткелі қашан. Компания 2017 жылы көлік шығаратын малайзиялық Proton компаниясының 49,9% акциясын сатып алды. Аталмыш компания 2022 жылдың алғашқы жартысында 2 722 автомобиль экспорттаған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80%-ға көп.
Ал Оңтүстік Кореяда Geely француздың Renault-сымен ынтымақтастықта. Екі компания гибрид және бензинді автомобильдер шығаруды жоспарлап отыр. Машиналардың жаңа модельдерін Geely-дің Швейцариядағы зерттеу орталығы әзірледі. Оның алдында Geely биыл Renault-ның оңтүстіккореялық еншілес компаниясының 34,02% акциясын сатып алған еді.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
24.08.2022, 11:35